Имантау-Шалқар курорт аймағында автокараванингке лайықты жер табылды

Имантау-Шалқар курорт аймағында автокараванингке лайықты жер табылды

СҚО әкiмi Құмар Ақсақалов Айыртау ауданындағы Имантау-Шалқар курорт аймағының туристiк жерлерiн аралады.

Курорт аймағында биыл автокараванингты дамыту көзделген. Мобилдiк туризмге қолайлы жер Шалқар көлiнiң маңынан табылды. «Тұрпан» демалыс базасында арнайы жер үлесi бөлiнiп, инженерлiк коммуникациялары бар автотұрақ пен жорық шатырларына арналған алаң жасалынмақ. Құмар Ақсақалов бұл жердi автокараванингке өте лайықты деп есептейдi, ендi жобаны iске асыру ғана қалды.

52 орынға шақталған 13 жазғы үй өз келушiлерiн күтуде. Сондай-ақ шатыр тiгемiн деген демалушыларға да бар жағдай жасалмақ.

«Бұл жерге туристер келiп, шатырларын тiгедi. Автокөлiктерге арнайы орын белгiлеп, күзет қойыңыздар. Түр-түрлi сауық түрлерiн ұйымдастыру керек. Жағажай волейболы алаңын құрыңыздар. Көлдiң жағалауы әрдайым таза болу керек. Дәретханалар да санитарлық нормаларға сәйкес болған абзал. Аумақ тәулiк бойы қорғалу керек. Бұл өте тамаша жер, туристердiң сүйiктi орнына айналады», — дедi Құмар Ақсақалов.

Жұмыс сапары барысында өңiр басшысы «Шалқар Су» санаторийiне де барды. Қазiр демалыс орны күрделi жөндеудi талап етедi. «Шалқар Су» директорының орынбасары Николай Игреневтiң айтуынша, әсiресе кәрiздiк жүйе тозған. Бұл iстi қолға алып, қаржылай инвестиция құйған жағдайда санаторий туристердiң сүйiктi мекенiне айналары анық.

Жалпы, Имантау-Шалқар курорт аймағында туризм саласы қарқынды түрде дамуда. Жол сапасы ерекше назарда. Тек Айыртау ауданына биыл жолдарды жөндеуге 4 млрд теңгеге жуық қаржы бөлiндi.

Биыл курорт аймағында 10 заманауи демалыс базасы салынбақ. Инвестициялардың жалпы көлемi 411 миллион теңгенi құрайды. Аталмыш аймақта көптеген коттедждер, жазғы үйлер, дәмхана және дүкендер бой көтередi. Айыртау ауданында тарихи, емдiк, спорттық, аң және балық аулау туризмi жақсы дамып келедi. Яхта және желкен спортын дамыту да жоспарда бар.