Петропавлда медицина қызметкерлерiнiң кәсiби мерекесiне арналған салтанатты жиын өттi. Ақ халатты абзал жандарды төл мейрамдарымен СҚО әкiмi Құмар Ақсақалов құттықтады.
Өңiр басшысы дәрiгерлердiң қоғамда алар орны ерекше екенiн атап өттi. Қазiр емдеу мекемелерiнде iсiне берiк кәсiби мамандар жетерлiк. Құмар Ақсақалов жас мамандарға үлгi боларлық дәрiгерлердiң есiмдерiн атады. Олар — облыстық балалар ауруханасының жан-сақтау бөлiмшесiн 30 жыл басқарып келе жатқан Нұрлан Жақыпов, жоғары санатты сынықшы Никос Леонов, жоғары санатты хирург-онколог Мәлiк Сексембаев.
Қазiр облыста медицина саласына ерекше көңiл бөлiнiп келедi. Биыл өңiрде емдеу мекемелерiне 38 автокөлiк пен 54 медициналық қондырғы сатып алу көзделген. 15 шақты денсаулық сақтау ғимаратын жөндеу көзделген.
«Петропавлда көп профилдi аурухана салуды көздеп отырмыз. Емдеу мекемесi 700 орынға шақталмақ. Ауруханада емдеудiң барлық түрлерi көрсетiледi. Заманауи ауруханының құрылысы келесi жылы басталады. «Береке» ықшам ауданында да емхана салу жоспарда бар», — дедi Құмар Ақсақалов.
Салтанатты жиында марапаттау рәсiмi өттi. Ұзақ жылғы адал еңбегi, облыстың денсаулық сақтау жүйесiн дамытуға қосқан зор үлесi үшiн медицина қызметкерлерi облыстық әкiмiнiң құрмет грамотасы және алғыс хаттарымен марапатталды. «Қазақстан Республикасының денсаулық сақтау iсiнiң үздiгi» белгiсi және «Денсаулық сақтау iсiне қосқан үлесi үшiн» белгiсi де өз иелерiн тапты.