Елбасының тапсырмасына сай Солтүстiк Қазақстанды дамыту жоспары әзiрленедi

Елбасының тапсырмасына сай Солтүстiк Қазақстанды дамыту жоспары әзiрленедi

Қазақстан Республикасының Президентi Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасы бойынша Солтүстiк Қазақстан облысын дамытуға арналған үш жылдық жоспар жасалады. Бұл жайында бүгiн облыстық әкiмдiктiң отырысында белгiлi болды.

СҚО әкiмi Құмар Ақсақаловтың айтуынша, жаңа жоспардың арқасында солтүстiк өңiрде жылдар бойы қордаланып қалған мәселелер шешiмiн таппақ. Үш жылдың iшiнде әлеуметтiк нысандарды салуға және жөндеуге қаражат бөлiнедi. Медициналық нысандардың материалды-техникалық базасы жаңарып, 120 бiлiм ошағы жөнделмек. М. Қозыбаев атындағы СҚМУ-де жаңа оқу-зертханалық корпус, 2 жатақхана бой көтередi. Тағы 3 жатақхана колледждердiң студенттерi үшiн салынады. Сондай-ақ аудандарда 1000 тұрғын үй қолданысқа берiлмек.

«Ауылдарда үйлер салу керек. Бiз 1000 үй саламыз деп жоспарлап отырмыз. Шаруашылықтар үйлердi салса, бiз оны сатып аламыз. Әр үйдiң бағасы 6,5 млн. теңге шамасында болады. Осы күнге дейiн iске асқан жобаларды негiзге алдық», — дедi Құмар Ақсақалов.

Өңiрде инфрақұрылымды дамыту да басым бағыттардың бiрi. Әсiресе, жол, су және газбен қамтамасыз етуге қаражат қарастырылмақ. Өңiр басшысы аудан әкiмдерi және басқарма басшыларына жұмысқа белсендi араласуға тапсырма бердi.