
Ашық қоғамдық қабылдауға 139 солтүстiкқазақстандық келдi, тек облыс әкiмi Құмар Ақсақалов ғана 46 адамды қабылдады. Келушiлердi жер, су, жол, көгалдандыру және баспана мәселелерi толғандырады.
Қоғамдық қабылдауға облыс әкiмi және оның орынбасарлары, Петропавл әкiмi, облыстық басқармалар және қалалық бөлiмдердiң басшылары, коммуналдық және қаржылық ұйымдардың өкiлдерi қатысты.
Қабылдауға келгендердiң қатарында Елена Гуйван да бар. Қала тұрғыны көпқабатты үйдiң шатырын жөндеу керек дейдi. Шатырдан су тамшылап, тұрғындарды әбiгерге салуда. Жөндеуге 74 миллион теңге қажет. Құмар Ақсақалов бұл мәселенi қысқа қарай толықтай шешуге уәде бердi.
Қабылдауға Орал, 4 көшесi бойындағы үйдiң тұрғындары да келдi. Апатты үйдiң иелерi баспана сұрап келiптi. Жуық арада азаматтарға баспана берiлетiн болып шешiлдi.
Қоғамдық қабылдауға ауыл тұрғындары да келдi. Мамлют ауданындағы Леденево селосының тұрғыны Күләш Маженованы ауыз сумен қамту және жол мәселесi толғандырып отыр. Өңiр басшысы келесi жылы жолдарды жөндеуге қаржының екi есе өсетiнiн, ауыз сумен қамтамасыз етуге де қомақты қаржының бөлiнетiндiгiн жеткiздi.
Мамлют ауданындағы Белое ауылынан келген Ислам Омаров егiстiкке жер сұрап отыр. Ауылдың маңында тиiстi жер учаскесi жоқ. Бұл сұрақты жергiлiктi атқарушы билiк өз бақылауына алды.
Жалпы, өңiр басшысы 46 адамның сұрағын тыңдап, барлығына жауап қатты. Әр сауал бақылауға алынып, бiрде-бiр келушi елеусiз қалмады.
«Бұл кездесулер жергiлiктi атқарушы билiктiң тұрғындарға қандай жұмыстардың атқарылып жатқандығын түсiндiруге көмегiн тигiзедi. Бәрiн ашық түрде айту керек. Бiзге көптеген салалар бойынша сауалдар түсiп жатыр. Олардың бiразы бiрден шешiмiн табуда», — дедi Құмар Ақсақалов.