
Омбы облысының губернаторы Александр Бурков бастаған делегация Солтүстiк Қазақстан облысына келдi. Екi жақты келiссөздер барысында Құмар Ақсақалов пен Александр Бурков егiс және топырақ өңдеушi техника шығаратын бiрлескен зауытты iске асыруға келiстi.
Шекаралас қос облыс басшыларының қатысуымен өңiраралық ынтымақтастықты дамытуға арналған жиын өттi. Кездесудi ашқан Құмар Ақсақалов пен Александр Бурков қос өңiрдiң көп салаларда байланысы мықты екендiгiн айтты. Аймақ басшысы өңiрдiң потенциалы жайында сөз қозғап, омбылық бизнесмендердi облыста жобаларды жүзеге асыруға шақырды.
Омбы облысының губернаторы Александр Бурков СҚО-ның сенiмдi әрi уақытпен тексерiлген серiктес екендiгiн баса айтты. Қазiр ауыл шаруашылығы және тамақ өнеркәсiбi саласында бiрлескен жобалар бар. Ресейлiк әрiптес СҚО әкiмiнен тағы бiр жоба бойынша көмек сұрады.
«Бiз сiзден облыста егiс және топырақ өңдеушi техника шығаратын бiрлескен кәсiпорынды ашуға көмек сұраймыз. Қазiр жер үлесi iздестiрiлуде. Оған қоса, «Сибзавод Агро» СҚО-да тракторларды жөндеуге арналған зауытты ашуды көздеп отыр. Бiзге сенiмдi серiктес керек», — дедi Александр Бурков.
Аталмыш жобалар бойыша Құмар Ақсақалов жан-жақты көмек көрсетемiз дедi. Өңiр басшысы Қазақстан-Ресей шекарасынан өту процесiн жеңiлдету бойынша бiрлесiп, жұмыс жасауға шақырды. Бұл процестi автоматтандыру қажет.
«Жазғы уақытта шекарада ұзын сонар кезектер болады. Адамдар 5-6 сағаттап тұрады. Бұл процестердi автоматтандырып, азаматтардың шекараны 15 минутта өтуiне жағдай жасау керек. Сiздермен осы бағытта жұмыс жасайық. Қазақстанның Шекара қызметiмен бұл мәселенi талқыға салайық. Жаңа цифрлық технологияларды қолдану қажет», — дедi Құмар Ақсақалов.
Жиынның соңында әр түрлi салаларда 11 меморандумға қол қойылды. Сапар барысында Александр Бурков бастаған делегация қаламыздың кәсiпорындары мен «Абылай ханның» ақ үйiн аралады. Қос басшы мәңгiлiк алауға және Абай мен Пушкин ескерткiшiне гүл шоқтарын қойды.