
Петропавлда Мағжан Жұмабаевтың 125 жылдығына орай ескерткiш ашылды. Ескерткiштiң ашылу рәсiмiне Солтүстiк Қазақстан облысының әкiмi Құмар Ақсақалов қатысты.
«Тәуелсiздiктiң таңымен жеткен сан жақсылықтың бiрi — азаттық үшiн күрескен талай қайраткерлерiмiздiң есiмдерi елге оралды. Солардың бiрi — ұлы Мағжан. Мағжан — халқымыздың маңдайына бiткен жарық жұлдыз. Заманынан оза туып, кейiнгiге үлгi болған классик, аз өмiр сүрiп, көп қалдырған ақын, халқының ертеңi үшiн күрескен қайраткер. Бүгiнгi мерейтой — жалғыз бiздiң өңiрдiң ғана емес, барша қазақстандықтардың, одан қалды түркi әлемiнiң ортақ тойы», — дедi өңiр басшысы.
Сондай-ақ, өңiр басшысы 2018 жылды ТҮРКСОЙ халықаралық ұйымы түркi әлемiндегi «Мағжан Жұмабаев жылы» деп жариялағанын атап өттi.
«ЮНЕСКО-ның Париждегi штаб-пәтерi арнайы халықаралық конференция өткiзiлдi. Мағжанның арманы — халқына қызмет ету, рухани байлығын жеткiзу едi. Елбасының бастамасымен қолға алынған «Рухани жаңғыру» бағдарламасының көздегенi де осы мақсат. Сiз бен бiздiң ендiгi парызымыз — ұлы Мағжан мұрасын қастерлеу, ертеңгiге жеткiзу», — дедi өңiр басшысы.
Ескерткiштi ашу құрметi Солтүстiк Қазақстан облысы әкiмi Құмар Ақсақалов пен ақынның туысы Лейла Жанабаеваға берiлдi.
Лейланың айтуы бойынша Мағжан Жұмабаевтың шығармашылығы туралы ол өз анасынан бiлген.
«Анам оның шығармашылығымен жақсы таныс болды, оның өлеңдерiне жазылған әндердi айтатын. Мағжан өлеңдерiн махаббатқа, туған жерге арнаған. Ол жан-жақты дамыған тұлға болған», — дедi Лейла Жанабаева.
Қуғын-сүргiн жылдары қазақ халқының ұлы баласын ату жазасына кестi, оның бауырлары тегiн ауыстырды. Лейланың айтуынша Мағжанның 6 бауыры болған.
«Мағжан Жұмабаев жарқын болашаққа сендi. Жарты жыл қамауда болды, кейiн оны шығарды. Ол болашақта бәрi жақсы болатынына сендi. Алайда , оны ату жазасына кестi», — дедi Лейла Жанабаева.
Мағжан Жұмабаевтың қазақ халқына ағылшындарға –Шекспир, орыстарға- Пушкин сияқты маңызы зор. Қазақ мәдениетiнiң тарихында бұл ұлы адамның есiмi басты орындардың бiрiн алып отыр.
Ескерткiштiң авторы әйгiлi қазақстандық мүсiншi — Едiге Рахмадиев. Монумендалдық композиция Мағжан Жұмабаевтың креслода отырған қола мүсiнi, биiк iргетас дөңгелек стилобатқа орнатылған, үш жақтан алаңға көтерiлетiн баспалдақтары бар, олар қоңыр граниттен жасалған. Ескерткiш мүсiнi қоладан жасалған.
Ашу салтанатына ұлы ақынның туыстары, ардагерлер, өңiрдiң зиялы қауымының, қоғамдық бiрлестiктердiң өкiлдерi қатысты.
Сонымен қатар, ақынның 125 жылдығын тойлау аясында Петропавл қаласының гуманитарлық-педагогикалық колледжiнiң аумағында Мағжан Жұмабаевтың мүсiнi ашылды.
Айта кетейiк, бүгiн Сарытомарда ақынның 125 жылдық мерейтойын ашу салтанаты өтедi. Тойлау бағдарламасына Мағжан оқулары, ұлттық спорт түрлерi бойынша жарыстар және мәдени-сауықтыру iс-шаралары өткiзiледi.