
Қазақтың ұлы ақыны, шебер аудармашы, публицист, Алаш қозғалысының қайраткерi Мағжан Жұмабаевтың 125-жылдығына орай «Мағжан Жұмабаев мұрасы және әлемдiк руханият» тақырыбындағы ғылыми-практикалық конференция өттi. Конференцияның ашылуында сөз сөйлеген облыс әкiмi Құмар Ақсақалов өңiрде ақынның мерейтойына орай 450 ден аса түрлi шара өткiзiлiп жатқандығын атап өттi.
«Ол халқының болашағы үшiн күресетiн негiзгi күш — жастар деп өттi. Бүгiнде елiмiзде көзi ашық, көкiрегi ояу, саналы жастар өсiп келедi. Мағжанның жолын жалғайтын, сенiмiн ақтайтын осылар. Сiздердiң бүгiнгi конференцияда жасаған баяндамаларыңыз, әкелген еңбектерiңiз оларға үлкен ой салады деп сенемiн», — дедi Құмар Ақсақалов.
Мағжан Жұмабаевтың 125 жылдығына арналған «Естелiк және мерейтойлық мерекелер» сериясындағы марканы салтанатты сөндiру рәсiмi жасалды. «Естелiк және мерейтойлық мерекелер» пошта маркасы 4 түстi бояулы офсеттiк басылыммен он маркадан тұратын парақ түрiнде жасалған, перфорациясы айдарлы, таралымы 10 000 дана. 2018 жылдың 25 маусымында Қазақстан Республикасының Ақпарат және байланыс министрлiгiмен Мағжан Жұмабевтың 125 жылдығына арналған пошталық марка айналымға енгiзiледi.
Конференцияда марапаттау рәсiмi де өттi. Ақын шығармашылығын насихаттауға қосқан елеулi еңбегi үшiн аймақ басшысы Мағжан Жұмабаевтың 125 жылдығына арналған «Мағжан Жұмабаев» төсбелгiсiмен қадiрлi меймандар мен еңбегi сiңген азаматтарды марапаттады.
Конференцияда Мағжан Жұмабаевқа арналған үш кiтаптың тұсау кесер рәсiмi өттi.