А. Мамин Мемлекет басшысының Солтүстiк Қазақстан облысын одан әрi дамыту жөнiндегi тапсырмасын орындаудың маңыздылығына тоқталды. Облысты әлеуметтiк-экономикалық дамыту мәселесiн жан-жақты талқылап, тиiстi шешiмдер қабылдау үшiн мемлекеттiк органдардың қатысуымен Жұмыс тобы құрылды.
Солтүстiк Қазақстан облысының әкiмi Құмар Ақсақаловтың айтуынша, өңiрдi әлеуметтiк-экономикалық дамытудың 2018-2021 жылдарға арналған Кешендi жоспарының жобасы әзiрленген. Жоба 12 бағытты қамтиды. Оның iшiнде әлеуметтiк нысандар құрылысы, көлiк және инженерлiк коммуникацияларды дамыту, агроөнеркәсiп кешенiнiң өңдеу қуатын көтеру, қорғаныс кешенi кәсiпорындарын жаңғырту көзделедi. Жалпы алғанда 64 шараны жүзеге асыру қарастырылған. Ол арқылы шамамен 14 мың жаңа жұмыс орнын ашу жоспарланып отыр. СҚО дамытудың кешендi жоспары 300 млрд. теңгеден астам инвестициялық жобаларды жүзеге асыруды қамтиды.
Жұмыс тобының отырысы барысында атқарылып жатқан жұмыстар жөнiнде ұлттық экономика вице-министрi А. Жұмағұлов, қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсiбi министрi Б. Атамқұлов және басқа да мемлекеттiк органдардың басшылары баяндады.
«Солтүстiк Қазақстан облысын 2018-2021 жылдарға арналған Кешендi дамыту жоспарын жасау — Мемлекет басшысы Н.Ә. Назарбаевтың тiкелей тапсырмасы. Аталмыш құжатты жүзеге асыру СҚО-ны әлеуметтiк-экономикалық дамытуға зор серпiн берiп, тұрғындардың өмiр сүру сапасын көтередi», — деп атап өттi А. Мамин.
Жұмыс тобының отырысын қорытындылай келе, Премьер-Министрдiң бiрiншi орынбасары ұлттық экономика министрлiгi мен Солтүстiк Қазақстан облысы әкiмдiгi бiрлесе отырып, жоғарыда айтылған пiкiрлердi ескерiп, 2018–2021 жылдарға арналған Кешендi жоспардың жобасын әрi қарай толықтырып, белгiленген тәртiппен Үкiмет қарауына шығаруды тапсырды.
Петропавл қаласында А. Мамин халықаралық әуежайды жаңғырту жұмыстарымен, Оқушылар сарайы және «Петропавл — Челябинскiге шығу» М-51 автокөлiк жолын реконструкциялау жұмыстарымен танысты.
Премьер-Министрдiң бiрiншi орынбасары «Қазтехмаш» ЖШС кәсiпорнында немiс концернi CLASS негiзiнде жақында ашылуы жоспарланып отырған ауыл шаруашылығы техникаларын құрастыру зауытында болды.
ҚР Премьер-Министрiнiң баспасөз қызметi