Араб бизнесмендерi Солтүстiк Қазақстан экономикасына инвестиция құюға дайын

Араб бизнесмендерi Солтүстiк Қазақстан экономикасына инвестиция құюға дайын

Фуджейра әмiрлiгiнiң бизнес делегациясы Солтүстiк Қазақстан облысына келдi. Делегацияны Фуджейра еркiн экономикалық аймағының бас директоры Шариеф Әл-Ауадхи бастап келiп отыр. Облыстық әкiмдiкте СҚО әкiмi Фуджейра әмiрлiгiнiң бизнес делегациясымен кездестi. Кездесуде екi жақты әрiптестiк мүмкiндiктерi талқыланып, меморандумдарға қол қойылды.

Кездесудi ашқан облыс әкiмi Құмар Ақсақалов қонақтарға облысымыздың сауда-экономикалық әлеуетi туралы айтып бердi. Өңiр басшысы терiскей экономиканың бiрқатар салаларында байланысты нығайтуға дайынбыз дейдi.

«Бiздiң облыс ауыл шаруашылығы өнiмдерiн қайта өңдеуге көп көңiл бөледi. Солтүстiктiң өнiмi таза әрi бәсекеге қабiлеттi. Солтүстiк Қазақстан өнеркәсiп, ауыл шаруашылығы, өнiмдi экспорттау және туризм салаларында бiрлесе жұмыс жасауға дайын», — дедi Құмар Ақсақалов.

Фуджейра еркiн экономикалық аймағының бас директоры Шариф Әл-Ауадхи қонақжайлық танытқан солтүстiкқазақстандықтарға алғысын жеткiзiп, терiскейге ынтымақтастықты нығайту үшiн келгендерiн айтты.

«Бiзде туризм мықты дамуда. Қонақ үй бизнесi саласында тәжiрибемен бөлiсуге дайынбыз. Бiз трейдинг және өнiмдi қайта өңдеу бағыттарында қолайлы жағдайлар жасадық. Бiз серiктестерге салық төлемей, 100 пайыз үлестi иелiк етуге мүмкiндiк беремiз. Солтүстiк Қазақстанда бiздi әсiресе туризм және ауыл шаруашылығы салалары қатты қызықтырып отыр. Жаз уақытында сiздерге келiп демалуға болады, ол үшiн ауа райы өте қолайлы екен. Бiздiң елде қазiр аптап ыстық. Сондай-ақ бiздiң бизнесмендер сауда орталықтарын салуға қызығушылық танытып отыр», — дедi Шариеф Әл-Авади.

Кездесу соңында екi тарап ынтымақтастық жөнiндегi бiрқатар меморандумдарға қол қойды.