
СҚО әкiмi Құмар Ақсақалов Петропавлдағы абаттандыру жұмыстарымен танысып, құрылыс нысандарына барды.
Ең алдымен өңiр басшысы Пестрое көлiнiң жағажайына келдi. Биыл жағажайды ұзартып, абаттандыру көзделген. Құмар Ақсақалов барлық жұмыстарды шiлденiң соңына дейiн аяқтауды тапсырды. Жағажайдың жанында орналасқан «Лана» дәмханасының қасбетiн де жөндеу жоспарланған. Петропавлға кiре берiс Жамбыл көшесiндегi ғимараттар да жаңартылмақ. Бұл жұмыстар қазiр басталып кеттi.
Жамбыл көшесi бойында көпқабатты тұрғын үйлер бой көтеруде. Құмар Ақсақалов құрылыс қарқынымен танысты. Биыл 600 ден аса жеке үй бұзылады деп жоспарлануда.
«Жеке үйлердi бұза отыра, бiз қалалықтардың баспана жағдайын жақсартып отырмыз. Оған қоса, ескi үйлердiң орнына бiз жаңа баспана тұрғызып жатырмыз. Бұл қаланың өркендеуiне септiгiн тигiзедi», — дедi облыс әкiмi.
Өңiр басшысы «Жамбыл Жабаев саябағының» қайта жөндеу жұмыстарымен де танысты. Құмар Ақсақалов қаланың орталығы ғана емес, шеткерi аудандары да абаттандырылады дейдi.
«Қаланың орталығын айтпағанда, шеткерi және шағын аудандарда көркейту жұмыстарын жүргiзу керек. Қала әкiмiне жобаларды әзiрлеуге тапсырма беремiн. Бiз қазiр Қизатов көшесiн абаттандырып жатырмыз. Бұл көшенi кеңейту, балалар алаңқайын орнату және саябақ аймағын жасау. Мен осының барлығы форумға жасалып отыр дегендi жиi естимiн. Бiрақ Мир және Қизатов, көшелерiне, осы жерге дейiн қонақтар келмейдi. Бұның барлығы тұрғындарға жасалып отыр», — деп атап өттi Құмар Ақсақалов.
Облыс әкiмi келесi жылы абаттандыру жұмыстарына қаржы екi есе өсетiндiгiн жеткiздi.
Қаланың кәсiпорындары да өз аумақтарын абаттандыру қажет. Киров зауыты бұл жұмысқа бiлек сыбана кiрiсiп кеттi. Зауыттар заман ағымына сай болуы тиiс. Құмар Ақсақалов «Римказагро» ЖШС-нiң шағын индустриялық аймағын мысалға келтiрiп, басқа кәсiпорын басшыларын бұл мәселеге көңiл бөлуге шақырды.
Аймақ басшысы салынып жатқан «Достық Молл» сауда-ойын сауық орталығының құрылысымен де танысты. Аталмыш кешен демалыс, ойын сауық және сауданың заманауи орталығы болмақ. Сауда кешенi 300 тұрғынды жұмыспен қамтымақ.
Жұмыс сапарының соңында облыс әкiмi көшеде орналасқан шахмат композициясын қарап шықты. Бұл жерге әркiм келiп, шахмат ойнай алады.