Солтүстiк Қазақстан Елорданың мерейтойын атап өтуде

Солтүстiк Қазақстан Елорданың мерейтойын атап өтуде

Бүгiн Қазақстан Республикасының Елордасы — Астана қаласының 20 жылдық мерейтойы. Солтүстiк Қазақстанда маңызды мерейтой кеңiнен аталып өтiлдi. Қызылжарда негiзгi мерейтойлық шаралар ҚР Тұңғыш Президентiнiң саябағында өттi.

Басты алаңға жиналған қала тұрғындары және қонақтарды Астананың мерейтойымен облыс әкiмi Құмар Ақсақалов құттықтады.

«Еуразия жүрегiнде орналасқан Астана қаласының жаңа тарихы — бұл тәуелсiздiктiң тарихы, бұл мемлекетiмiздiң тарихы. Бас қала — армандар орындалатын, әркiм өзiн танытатын болашақтың қаласы, жастардың ордасы. Елорданың көркеюiне солтүстiкқазақстандықтар да үлкен үлес қосуда», — дедi Құмар Ақсақалов.

Салтанатты шара барысында өңiр басшысы Астананың дамуы және қалыптасуына еңбегiн сiңген бiрқатар азаматтарға «Астанаға 20 жыл» мерейтойлық медалiмен марапаттады.

Қалалық саябақта қалалықтарды түрлi қызықты шаралар күтiп тұрды. Көше музыканттары белгiлi композицияларды орындаса, балалар спорттық сайыстарға қатысты. Саябақта неке қию рәсiмi де өттi. Жас жұбайларды қос мерекемен өңiр басшысы да құттықтады.