
Облыс әкiмi Құмар Ақсақалов Петропавлды аралау кезiнде көрiктендiру жұмыстарымен танысып, үйлердiң аулаларын аралады.
Интернационал көшесi бойында қазiр жұмыс қызған. Жаңа асфальттан бөлек мұнда бордюрлар, газон және 7 жаңа автобус аялдамасы пайда болады. Жаңа жарықтандыру жүйесi де iске қосылуда. Оның арқасында электр энергиясын 50 пайызға үнемдеуге болады.
Абай 84 көшесiндегi үйдiң жанына футбол алаңқайы орнатылды. Қазiр алаң балалардың сүйiктi орнына айналған. Құмар Ақсақалов балаларға доптарды сыйға тартты.
«Қазiр Петропавлда 36 футбол алаңы бар. Биыл тағы 10 алаң саламыз. Қала бойынша 100 аула жөнделдi. Келесi жылы бұл жұмыс жалғасын табады», — дедi өңiр басшысы.
Петропавлға кiре берiс көпiрде қайта жаңарту жұмыстары қызған. Мердiгер нысанды 15-20 қыркүйекте тапсырамыз дейдi.
«Көпiрде абаттандыру жұмыстарын жүргiзу керек. Жаяу жүргiншiлерге арналған жол талапқа сай болу қажет. Қала тұрғындары және қонақтарына арналған көру алаңы да пайда болады», — дейдi Құмар Ақсақалов.
Мамлют шоссесi де қайта жаңартылып жатыр. Ресей шекарасына дейiн 60 шақырым жаңа жол қайта салынады. Биылғы меже 30 км. 4,5 шақырымға созылған жарықтандыру жүйесi де пайда болмақ.
«Бұның барлығы бiздiң азаматтар мен РФ келген қонақтардың ыңғайлығы үшiн жасалуда. Қалаға кiре берiс Астанадағыдай болады. Қазiр көлiк ағысы көп. Сол себептi, шекарадан өту пунктерiн де көбейткен абзал», — деп атап өттi Құмар Ақсақалов.
Жұмыс сапары барысында облыс әкiмi Алтынсарин 266 және Хименко-Қизатов қиылысында көше және ауланы жөндеу жұмыстарының нәтижесiмен танысты. Соңғы нысан — темiр жол вокзалы. Қазiр нысанның қасбетi жөнделуде. Лифт және эскалаторлар қойылмақ. Жөндеудiң бiрiншi кезеңi 10 қазанда аяқталып, 2019 жылы жалғасын табады.