Мемлекет басшысы кәсiпорынның цехын аралап көрiп, майлы дақылдарды өңдеудiң және тазартылған майды өндiрудiң технологиялық процесiмен танысты.
— Сiздердiң инвестицияларыңыз қайта өңдеу iсiне алғаш рет тартылып отыр. Бұл Қазақстанның аграрлық кешенiне қосылған маңызды үлес болып саналады. Мұнда өндiрiлген бүкiл өнiм сыртқы нарыққа шығарылып, елiмiздiң экспорт көлемiн ұлғайтуға, жаңа жұмыс орындарын ашуға және табыс табуға септiгiн тигiзедi. Осының бәрi өте маңызды, — дедi Қазақстан Президентi.
Кәсiпорынды аралап көргеннен кейiн облыс әкiмi Құмар Ақсақалов Солтүстiк Қазақстан өлкесiнiң биылғы бiрiншi жартыжылдықтағы әлеуметтiк-экономикалық даму қорытындылары жөнiнде баяндады.
Нұрсұлтан Назарбаев Солтүстiк Қазақстан облысының елiмiздегi топырағы ең құнарлы әрi ауыл шаруашылығына қолайлы екенiне және аграрлық салаға дәстүрлi түрде маманданғанына тоқталып, Қазақстан астығының төрттен бiрi осы өлкеге тиесiлi деп атап көрсеттi.
— Ауыл шаруашылығы әлеуетi әлi де тиiстi дәрежеде пайдаланылып отырған жоқ. Осыған орай, облыс егiншiлерi, сөзсiз, жер өңдеу, астық өндiру iсiнде жоғары деңгейдегi мамандар болып саналады. Дегенмен, мал шаруашылығы саласын дамытумен де айналысу керек, — дедi Мемлекет басшысы.
Сонымен қатар, облыс әкiмi Қазақстан-Ресей XV өңiраралық форумын өткiзуге дайындық барысы жөнiнде мәлiмдедi.
Соңында, Қазақстан Президентi ауыл шаруашылығына ғылыми жетiстiктер мен цифрландыруды енгiзу, шекаралас өңiрлермен ынтымақтастықты жандандыру, өнеркәсiп өндiрiсi мен туризм саласын одан әрi дамыту, сондай-ақ өңiрдiң инвестициялық және iскерлiк тартымдылығын арттыру арқылы аймақтың аграрлық әлеуетiн кеңейту жөнiнде бiрқатар тапсырма бердi.
— Бес әлеуметтiк бастама осы мәселелердi шешуге септiгiн тигiзу қажет. Оның жергiлiктi деңгейде сапалы жүзеге асырылуын қамтамасыз ету керек, — дедi Нұрсұлтан Назарбаев.
«Тайынша Май» ЖШС-i өңiрдегi ауыл шаруашылығы кластерiндегi ең iрi кәсiпорындардың бiрi болып саналады. Зауыт Еуропада шығарылған заманауи құрал-жабдықтармен жабдықталған және тәулiгiне 1000 тонна шикiзат өндiруге мүмкiндiгi бар. Кәсiпорында 46 адам жұмыс iстейдi.