Елбасы Ильичевка ауылындағы тұрғын үйлердiң құрылысымен танысты

Елбасы Ильичевка ауылындағы тұрғын үйлердiң құрылысымен танысты

Мемлекет басшысы Қазақстанның басқа өңiрлерiнен қоныс аударғандарға арналған 14 тұрғын үйдiң құрылысымен танысты.

Нұрсұлтан Назарбаев көшiп келген отбасылармен әңгiмелесу барысында қоныс аударған тұрғындарға мемлекет тарапынан барлық жағдай жасалып жатқанын атап өтiп, өзiнiң де өмiр жолы туралы айтып бердi.

— Менiң Алматы қаласының маңында дүниеге келгенiмдi бiлесiздер. 17 жасымда туған өлкемнен кеттiм. Мен осындай шешiм қабылдап, түрлi өңiрде еңбек жолынан өттiм. Кездескен қиындықтарды жеңiп, бүгiнгiдей дәрежеге жетiп отырмын. Сiздер мұны балаларыңыздың болашағы үшiн жасап жатырсыздар, — дедi Қазақстан Президентi.

Соңында Елбасы ауылдың жаңа тұрғындарына зор денсаулық, табыс, бақ-береке тiледi.

Жалпы 2018 жылы Солтүстiк Қазақстан облысына 900 адамнан тұратын 235 отбасы көшiп келген. Барлығы жалдамалы пәтермен қамтамасыз етiлiп, жұмысқа орналастырылды. Олардың көшiп келуiне және шығындарын өтеу үшiн 1 миллиард теңгеден астам субсидия бөлiндi.