
29-шы тамызда СҚО әкiмi Құмар Ақсақалов өңiрдiң әлеуметтiк-экономикалық дамуының бiрiншi жартыжылдықтағы қорытындылары бойынша облыстық мәслихат депутаттарының алдында есеп бердi.
Өңiр басшысының айтуынша, 1-шi жартыжылдықта облыста оң көрсеткiштерге қол жеткiзiлдi. 6 айда экономика өсiмi 107,6 пайызды құрады. Бiздiң облыс бұл көрсеткiш бойынша үздiк алтылыққа енiп отыр. Құрылыс саласында солтүстiк өңiрi бiрiншi орында келедi. Құрылыс жұмыстарының көлемi 1,7 есеге артқан. СҚО экспорт көлемiн 1,3 есеге арттырып, импортты 10 пайызға азайтты.
Бiздiң өңiр ауыл шаруашылығына инвестиция тарту бойынша көш басында. 1-шi жарты жылда елiмiздегi инвестицияның 26 пайызы солтүстiктiң еншiсiнде кеттi. Бұл 32 млрд. тг. Былтыр да СҚО көш басында болған едi.
СҚО әкiмi зауыттарды жаңарту бойынша да айтып өттi. ПАМЖ және Киров атындағы зауыт материалды-техникалық базасын жаңарту жұмыстарын бастамақ. ЗИКСТО өз қарамағында вагон шығаратын зауыт ашпақ. Оның қуаттылығы жылына 5 мың жүк вагоны. Өңiрде iрi 5 инвестициялық жоба жүзеге асады. Инвестиция көлемi 100 млрд. теңгенi құрап, 2 мың жаңа жұмыс орны ашылмақ.
Өңiрде құрылыс қарқын алған. 2018 жылы 230 мың шаршы метр қолданысқа берiледi. 1500 отбасы қоныс тойын тойлайды. Аудандарда ауылдықтарға үйлердiң құрылысы басталды. Биыл 100, келесi жылы 600 үй салынады.
Петропавлда оқушылар сарайы, теннис орталығы, екi заманауи қонақ үй, «Dostyk Mall» сауда орталығы ашылады. Облыс орталығында 1500 балаға шақталған екi мектеп салынуда.
Аудандарға дәрiгерлердi тарту үшiн алғаш рет облыстық бюджеттен 75 миллион теңге бөлiндi. Бұл сомаға 50 дәрiгер көтерме ақы алады.
Құмар Ақсақалов Елбасының тапсырмасы бойынша кешендi жоспарды жүзеге асыру аясында көп жұмыстың атқарылатындығын атап өттi. Бұл жоспардың арқасында өңiрдегi келелi мәселелер шешiлiп, тұрғындардың әл-ауқаты жақсармақ.