СҚО әкiмдiгiнiң отырысында қысқы жылыту маусымына дайындық барысы пысықталды. Энергетика және ТҮКШ басқармасының басшысы Әдiлбек Әубәкiровтiң айтуынша, биыл жылыту маусымының дайындығына 4 млрд. теңге бөлiндi. Әлеуметтiк ұйымдар көмiрмен толық қамтамасыз етiлген. Бiлiм және денсаулық сақтау ұйымдарына 146 мың тонна көмiр жеткiзiлдi. Тұрғындар 245 мың тонна көмiр дайындады, бұл 64 пайызды құрайды. Қазiр облыстағы темiр жол тұйықтарында 71 мың тонна көмiр бар, оның 12 мыңы Петропавлда.
Өңiр басшысы тиiстi органдардың басшыларына көмiрдiң жеткiзiлуiне көңiл бөлiп, бағаларды қатаң бақылауда ұстауға тапсырма бердi.
«Бiзде көмiрдi жеткiзу бойынша мониториг болуы тиiс. Күн сайын әлеуметтiк желiлерде қанша тонна көмiр бар, бағасы туралы ақпаратпен бөлiсу керек. Егер бағаны көтеру фактiлерi тiркелсе, монополияға қарсы органға шағымдану қажет», — дедi Құмар Ақсақалов.
Қазiр Петропавлда 70 пайыздан аса әлеуметтiк ұйымдар жылыту жүйесiне қосылған. Алдағы 3-4 күнде бұл көрсеткiш 100 пайызға жетедi. Көпқабатты үйлердiң 25 пайызы жылуға қосылған.