
Петропавлда қарттар күнiне орай өңiр басшысы Құмар Ақсақаловтың облыс ардагерлерiмен кездесуi өттi.
Халықаралық қарттар күнi — жылулық пен қамқорлыққа толы ерекше мейрам. Облыс әкiмi аталмыш күндi үлкен буынға алғыс айту мерекесi дейдi.
«Сiздердiң жинақтаған бiлiмдерiңiз, баға жетпес тәжiрибелерiңiз, жасампаздыққа бағытталған айқындамаларыңыз жастардың бастамаларына қоса үлкендердiң өмiрлiк даналығын талап ететiн қазiргi жағдайда өте маңызды. Сiздер қазiр де облысымыздың қоғамдық өмiрiне белсене атсалысып жүрсiздер», — деп атап өттi Құмар Ақсақалов.
Өңiр басшысы қариялардың жастарға үлкен өнеге көрсетiп, өмiрлiк тәжiрибелерiмен бөлiсiп жатқандары үшiн алғысын жеткiздi.
Солтүстiк Қазақстанда бiр күнмен шектелмей, қарттарды қолдауға арналған айлық өткiзiледi. Айлық аясында соғыс және еңбек ардагерлерi, зейнеткерлер мен мүгедектерге жан-жақты көмек көрсетiледi.