СҚО-да 57 ауылдық көп қабатты үй орталық жылу жүйесiне қосылды

СҚО-да 57 ауылдық көп қабатты үй орталық жылу жүйесiне қосылды

Облыс әкiмi Құмар Ақсақалов Қызылжар өңiрiне жұмыс сапары барысында аудандардағы көп қабатты үйлердi жылуға қосу бойынша жөндеу жұмыстарының қорытындысын шығарды. Аймақ басшысы Бескөл ауылының тұрғыны Ольга Склярованың пәтерiне барды. Бұл туралы облыс әкiмi әлеуметтiк желiдегi парақшасында жазды.

«Ольга Валентиновна Бескөл ауылындағы көп қабатты үйде тұрады. Ол қыста отын, көмiр сатып алып, пеш жағатын. Ендi бұл келмеске кеттi. Өткен жылы көп қабатты үй орталық жылу жүйесiне қосылды. Қазiр Ольга Валентиновна отбасылық бюджеттi айтарлықтай үнемдейдi, пәтер жылы әрi таза», — деп жазды СҚО әкiмi.

Аудан орталығының көптеген тұрғындары өздерiнiң тұрмыстық жағдайларын жақсартты. 2 жыл iшiнде Бескөлдегi 85 көп қабатты үйдiң 56-сы жылуға қосылды. Қалған үйлер 2021 жылы жылу алады. Сонымен қатар, 20 әлеуметтiк нысан, 20 жеке үй және 4 дүкен жылу жүйесiне қосылды. Екiншi жылу желiсi Оңтүстiк-Шығыс ықшам ауданында салынып, 100 жеке үй мен мектептi жылумен қамтамасыз етедi.

«Өткен жылдың соңында бiз аудан орталықтарындағы 53 көпқабатты үйдi жылуға қосу туралы мiндет қойдық. Iс жүзiнде Бескөл, Сергеевка және Явленкада 57 ауылдық көп қабатты үй қосылды. Осы үйлерде тұратын 2,1 мың ауыл тұрғыны орталық жылытудың барлық артықшылықтарын бағалап үлгердi», — дедi Құмар Ақсақалов.

Сондай-ақ, аймақ басшысы 2021 жылы аудандардағы көп қабатты үйлердi жылуға қосу жұмыстары жалғасатынын атап өттi.