
Биылғы жылғы жолдауында Елбасы iшкi және сыртқы туризмды дамытуға баса көңiл бөлдi. Мемлекет басшысы Айыртау ауданындағы Шалқар көлiнiң бай потенциалы бар екендiгiн айтты.
СҚО әкiмi Құмар Ақсақаловтың айтуынша, өңiрде Президенттiң тапсырмасы бойынша Имантау-Шалқар курорт аймағын дамытуға арналған кешендi жоспардың әзiрленуде. Халықаралық консалтинг компаниясы да курорт аймағын жан-жақты дамытуға бағытталған арнайы жоспар дайындап жатыр. Шағын және орта бизнес өкiлдерiне туризм нысандарын салу үшiн мемлекеттiк көмек көрсетiлуде.
Айта кету керек, былтырдың өзiнде жергiлiктi атқарушы билiк туризм нысандарына апаратын көлiк инфрақұрылымын жаңартқан болатын. Жолдарды жөндеуге былтыр 1 млрд. теңге бөлiнсе, биыл 3,2 млрд. теңге бағытталды. 150 километр жол жөнделiп, туристердiң жол уақыты бiраз қысқарды.
«Елiмiздiң тұрғындары Шалқар және Имантау сынды облысымыздың көрiктi жерлерiмен таныса алады. Айта кету керек, бұл курорттық аймаққа көптеген ресейлiк туристер келедi. Тек биылғы жылдың алғашқы жарты жылдығында туристердiң саны екi есеге ұлғайды», — дедi Құмар Ақсақалов Хабар телеарнасындағы «Online» ток-шоу бағдарламасында.
Облыс әкiмi өңiрде экотуризмды дамытуға да көп көңiл бөлiнетiндiгiн атап өттi. Солтүстiк Қазақстан таза экологиялық өнiм шығаратын өңiр, тиiсiнше терiскейдiң экологиясы таза. Облыста 2 мыңнан аса мөлдiр көл, 700 мың гектардан аса орман бар.