Құмар Ақсақалов Шымкент қаласының әкiмiмен кездестi

Құмар Ақсақалов Шымкент қаласының әкiмiмен кездестi

Шымкентте қала әкiмi Ғабидолла Әбдiрахымов пен Солтүстiк Қазақстан облысының әкiмi Құмар Ақсақаловтың қатысуымен үлкен мәжiлiс өттi. Жиында өңiр тұғындарының солтүстiкке қоныс аудару мәселесi талқыланды. Солтүстiк Қазақстан облысының әкiмi шымкенттiктердi өз облысына жұмысқа шақырады.

Бұл кездесуге Шымкент қалалық және Түркiстан облысы мәслихатының депутаттары, өңiрлердiң жұмыспен қамтуды үйлестiру және әлеуметтiк бағдарламалар басқармаларының басшылары да қатысты. Шымкент қаласына арнайы iс-сапар ұйымдастырып келген СҚО әкiмi Құмар Iргебайұлы кездесуде өңiрiмiздегi уақытша жұмыссыз тұрғындарымен сұхбаттасты. Баспанамен қамту және бос жұмыс орындары жайлы мәлiмет бердi.

— Солтүстiк Қазақстан облысының жерi құнарлы, шөбi майса, көк шалғын. Орман, көл өте көп. Май дақылдарын өндiруде және оны экспорттауда республика бойынша 1 орындамыз. Бүгiнге дейiн елiмiздiң әр түкпiрiнен 2700-дей адам қоныс аударып келсе, соның жартысы Шымкент қаласы мен Түркiстан облысынан келген азаматтар. Өте мобильдi, шаруаны дөңгелетiп ала жөнелетiн еңбексүйгiштiгiн байқадық. Сондықтан да демографиялық өсiмi жоғары, бос жұмыс орнын iздеген шымкенттiктердi, түркiстандықтарды әдейi iздеп келiп отырмын. Осы мақсатта Солтүстiкке Шымкенттiң өзiнен жұмысқа қабылдайтын, бiздiң өңiрдi жақын таныстыратын арнайы штаб құрсақ деген ойымыз бар. Оны Ғабидолла Рахматоллұлымен ақылдасып шешетiн боламыз, — дедi Қ. Ақсақалов.

Шымкент қаласының әкiмi Ғ.Әбдiрахымов Қ.Ақсақаловқа қолдау танытып, бiрге жұмыс жасауға ықыласты екенiн айтты. Ал депутат Жаңабай Ағабеков кәсiпкерлiкке қолдау көрсету барысында алаңдайтын мәселе барын алға тартты.

СҚО әкiмiнiң айтуынша, ауыл-аудандарға барып, кейiн облыс орталығына қызмет ауыстыруға болады. Сондай-ақ, «Серпiн» бағдарламасы аясында шымкенттiк жастарды оқытуға дайын екенiн атап өттi.

— «Серпiн» бағдарламасымен жастарды оқытуға дайынбыз. Есесiне, сол жастар СҚО-да 3 жыл қызмет етуi шарт. Ал қыз балалар сол 3 жыл өткен соң да Солтүстiкте қалып, жергiлiктi азаматпен отбасын құрса, ол шаңыраққа мiндеттi түрде баспана сыйға тартамыз, — дедi Құмар Iргебайұлы.

— Бiз сiздермен жұмыс iстеуге дайынбыз. Елбасымыздың тапсырмасын орындау барысында бiздiң қалаға келiп, халықпен кездесiп, депутаттармен әңгiмелесiп, ұсыныстарымызды тыңдаған сiзге бiз де лайықты қолдау көрсетемiз. «Өсемiн, озамын» деген жастар қиындықтан қорықпауы керек. Солтүстiк суық болғанымен, онда бәсекелестiк аз. Осы мүмкiндiктi пайдалану қажет, — деп қорытындылады жиынды қала әкiмi Ғ.Әбдiрахымов.

Шымкент қаласы әкiмiнiң баспасөз қызметi