Петропавлда заманауи көкөнiс сақтау қоймасы iске қосылды

Петропавлда заманауи көкөнiс сақтау қоймасы iске қосылды

Солтүстiк Қазақстанда жыл бойы көкөнiс сақтауға арналған заманауи қойма салынды.

Облыс орталығындағы 4 қойма ескiрген және көкөнiс сақтаудың талаптарына сай емес. Облыс басшылығының үндеуiне жергiлiктi кәсiпкер Дмитрий Шарапаев үн қосты. Мемлекеттiк қолдаудың арқасында «Радуга» ЖШС жаңа көкөнiс сақтау қоймасын салды. Қойманың көлемi — 2 мың тонна.

Бұл өңiрдегi көкөнiстердi бөлiп сақтауға арналған бiрiншi заманауи қойма болып табылады. Қойма соңғы үлгiдегi желдету және суыту жүйелерiмен қамтамасыз етiлген. Осының арқасында көкөнiс өнiмдерiн, оның iшiнде тұрақтандыру қорының өнiмiн сапалы әрi ұзақ сақтауға болады.

Бұл жоба облыс үшiн стратегиялық маңызға ие. Өйткенi, жаңа қоймада көкөнiстi жыл бойы сақтауға мүмкiндiк туды. Сауда нүктелерiне көкөнiс үзбей жеткiзiлiп тұратын болады. Сөйтiп, қысқы және көктемгi мезгiлде көкөнiс бағасының негiзсiз өсуiне жол берiлмейдi.

«Бiзде бұрын көкөнiс наурыз айына дейiн сақталатын. Өйткенi, ескi қоймалардың мүмкiндiгi шектеулi. Сондықтан, наурыз айынан бастап бағаның өсуi байқалушы едi. Мiне, ендi талапқа сай көкөнiс қоймасы пайда болып, көкөнiс өнiмдерiн шiлде айына дейiн сақтай аламыз. Осы жерде тұрақтандыру қорының 800 тонна өнiмiн сақтайтын боламыз. Бағаны реттеп, керек жағдайда араласатын боламыз. Сөйтiп, көкөнiс бағасының шарықтауына мүмкiндiк бермеймiз», — дедi Құмар Ақсақалов.

Биыл облыста картоп пен көкөнiс бiтiк шықты. Жарты миллион тоннаға жуық картоп жиналды. 110 мың тонна көкөнiс алынды. Келесi жылы көкөнiс алқаптары тағы да ұлғайтылмақ.