
ҚР Тұңғыш Президентi күнi қарсаңында Петропавлда «КазРоботикс» халықаралық фестивалi бастау алды. Робо-фестивалге Ресей, Өзбекстан, Қырғызстан мен Қазақстаннан 250 қатысушы келдi. Фестиваль аясында робототехника бiрiншiлiгi өтiп жатыр. Екi күн бойы 16 құрама робоспорттың 10 түрiнен жарысады. Үздiк команда СҚО әкiмiнiң бас жүлдесiн иеленбек.
Халықаралық фестиваль қатысушыларының алдында сөз сөйлеген облыс әкiмi Құмар Ақсақалов Қазақстанда балаларды жан-жақты дамыту үшiн бар жағдай жасалғанын атап өттi.
«Елбасы әрқашанда табиғи ресурстарды емес, бiлiмдi меңгерген елдердiң болашағы зор деп айтады. Бүгiнгде елiмiзде өскелең ұрпақтың заманауи бiлiммен қамтамасыз етiлуiне көп жағдай жасалған. Робоспорт фестивалiн IT-технологиялар саласында ғылымның, озық ойлар мен шығармашылықтың дамуына арналған алғашқы баспалдақ деп айтуға болады. Бiз робототехника бiрiншiлiгiнiң өткiзiлуiн қолдаймыз. Бұл шараның балаларымыздың болашағына қосар үлесi зор. Петропавлда мұндай бiрiншiлiктердi жиi өткiзiп тұру керек», — дедi Құмар Ақсақалов.
Робофестивалдiң жаңа оқушылар сарайында өткiзiлуi кездейсоқ емес. Бұл барлық талаптарға жауап беретiн, әлемдегi озық IТ-технологиямен жабдықталған заманауи нысан. Оқушылар сарайы робототехника, биотехнология, мехатроника және 3D прототиптеудiң орталығына айналды. Балалар орталығында қосымша бiлiм берудiң соңғы үлгiдегi ғылыми жетiстiктерi жиналған. Оқушылар сарайы заманауи зертханалармен де қамтамасыз етiлген.