
Ауданда үшінші аудандық IT-орталық ашылды. Жылдың соңына дейін тағы төрт аудандық IT-орталықты іске қосылады.
Жұмыс сапары барысында өңір басшысы Құлықөл ауылындағы «Дамир Агро» фермерлік шаруашылығының қызметімен танысты. Шаруашылық тұрақты дамып келеді. Қызметкерлерімен қатар, ауыл тұрғындарына да қолайлы жағдай жасауда. Биыл кәсіпорын тарапынан балуандар залы мен мәдени-демалыс орталығын салуға 100 млн теңге инвестиция салынды.
«Талшық Астық LTD» ЖШС құрама жем өндіретін зауыттың құрылысын бастады. Кәсіпорынның жобалық қуаттылығы жылына 300 мың тонна өнімді құрайды және 30 жаңа жұмыс орны ашылады. Жобаны іске асыру өңірдің экспорттық әлеуетін арттыруға ықпал етпек.
Ленинградское ауылында 1973 жылы пайдалануға берілген «Астана» қосалқы станциясына қайта жаңғырту жұмыстары жүргізілуде. Нысанның тозу деңгейінің жоғары болуына байланысты жаңғырту қажеттілігі туындаған болатын. Сонымен қатар, Ленинградское - Талшық - Кішкенекөл бағытындағы 110 кВ-тық сақиналы әуе желісінің құрылысы жүргізілуде. Бұл екі ауданның елді мекендерін резервтік электрмен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Жоба өңір үшін стратегиялық маңызға ие және электр желілерінің тозуын төмендетуге бағытталған.
Сапар барысында облыс әкімі Талшық ауылындағы тұрғын үйлерді орталықтандырылған жылумен қамту жобасының іске асу барысын тексеріп, әлеуметтік нысандар аралады. Сондай-ақ аудан тұрғындарымен кездесіп, өзекті сұрақтарға жауап берді.