Құрметті жерлестер!
Бүкіл әлем бойынша вирус жұқтырған адамдардың саны күн сайын өсіп барады. Оның ішінде біздің де облыс бар.
Науқастар көбейген 10 елді-мекенде карантин енгізілді. Мониторинг топтарының жұмысы күшейтілді.
Күн суып, маусымдық аурулар басталса, вируспен күрес қиындай түсуі мүмкін.
***
Екінші толқынға жан-жақты дайындалдық. Ауруханаларда дәрілердің 2 айлық қоры бар. Дәріханалар препараттармен 1 айға қамтамасыз етілді. Барлығы 3400 төсек орын дайын тұр.
Өкпені жасанды тыныстандыру аппараттарының саны 3 есеге өсті, 73-тен 232-ге дейін. Оттегі концентраторының саны 56-дан 362-дейін ұлғайды немесе 6 есеге көп.
Қазан айының соңында жаңа инфекциялық аурухананың құрылысы аяқталады. ПЦР зертханасы іске қосылады.
Бұл бесінші зертхана болмақ. Осының арқасында күніне 3 мың тест жасалатын болады. Бюджет есебінен 5 оттегі станциясын ашамыз.
Жедел жәрдем автопаркі жаңа 18 реанимобилмен толықты. Қараша айында тағы 20 көлік аламыз.
Жыл соңына дейін 111 өкпені жасанды тыныстандыру аппараты, 8 көшпелі медициналық кешен мен 6 рентген аппараты келеді.
***
Құрметті достар!
Екінші толқынға дайынбыз деп айтуға болады. Бұл біздің міндетіміз. Бірақ, менің сөзімді тыңдап, көп адамдар жағдай жақсы, алаңдаудың қажеті жоқ деп ойлауы мүмкін. Біз бәрін ескердік, алайда жауыз вируспен күресу оңай емес.
Ауырған адамды протоколға сай емдейді, бірақ организмнің қалай күресетінін ешкім білмейді.
Әр ағза вирусты әр түрлі қабылдайды. Бірде-бір маман емдеу шараларының қаншалықты тиімді болатынын айта алмайды.
Ауырғандардың жартысында пневмония болады. Көбі бұл ауруды жеңе алмауы мүмкін.
Біздің облыста 4326 адам вирус жұқтырды. Бұл жаман індетке шалдыққан 4 мыңнан астам тағдыр. Әрқайсысы қиын аурумен күрес туралы айта алады.
Біздің дәрігерлерге алғыс айту керек. Жазда олар өте қиын жағдайда жұмыс істеді. Ауруханаға түскен әрбір науқасты емдеу қиынға соқты. Дәрігерлер қыруар жұмыс атқарды.
Ақ халатты абзал жандар «бір аяғымен көрде тұрған» көп адамдарды алып шықты. Бізде қос өкпесі 90 процентке жараланған, бір ай бойы дем ала алмаған науқастар да болды. Өте қиын жағдайларға қарамастан, кәсіби шеберлігінің арқасында дәрігерлер оларды құтқарды.
Қазақстанда 12 мың медицина қызметкері вирус жұқтырды. 182 дәрігер көз жұмды. Бұл сұмдық цифрлар. Көзге көрінбес жаумен соғыс деп айтуға болады.
Тіпті, кейбір адамдар вирустың бар екеніне әлі де сенбейді. Бүкіл әлем пандемиядан зардап шегіп жатқанда, құлақ пен көзге сенбеу – әбестік. Мұндай қылықпен олар тек өзіне, отбасына және қоршаған адамдарға қауіп төндіреді. Ал вируспен ауырып қалған кезде, басқаша сөйлеп, барлығын түсіне бастайды. Осыған көз жеткізу үшін міндетті түрде вирус жұқтыру керек пе?!
***
Әрине, мұндай жағдайға жеткізбеген дұрыс. Бар болғаны, сақтық шараларын қолдану керек. Бәрі оп-оңай. Маска тағып, қолдарыңызды жуып жүріңіз. Қашықтықты сақтаңыз. Көп адам жиналған жерге бармаңыз. Той жасап, көп адамды шақыруға тыйым салынған. Ағайынның өмірі мен денсаулығына қауіп төнуі мүмкін.
Вирус қарияларға және созылмалы ауруы бар адамдарға аса қауіпті. Ата-әжелерімізді, денсаулығы шалағай жақындарыңызды қорғап жүріңіздер.
***
Қадірлі солтүстікқазақстандықтар!
Санитарлық талаптарды орындау мен тәртіптің арқасында көктемде вируспен күрес тиімді болды. Алайда, жазғы уақытта жағдай қиындап кетті. Сондықтан, әр азамат жауапкершілік танытып, тәртіпке бағынған жөн. Барлықтарыңызды түсіністікпен қарауға шақырамын.