
Биыл Мемлекеттік егемендік туралы Декларацияның қабылданғанына 35 жыл толып отыр.
«Бұл тарихи құжат – еліміздің тәуелсіздікке бет алған жолындағы маңызды белес, халқымыздың бірлігі мен болашағына бағыт берген тағдырлы шешім. Осы жылдар ішінде Отанымыз барлық салада айтарлықтай жетістіктерге жетті. Бүгінгі Қазақстан – азаматтарының еңбегі мен біліміне сүйенген, тұрақты дамып, өз әлеуетін арттырып келе жатқан мемлекет.»,- деді өңір басшысы.
Солтүстікқазақстандықтардың еңбегі мемлекет деңгейінде лайықты бағаланып отыр. Бүгін Мемлекет басшысының қолынан Мұрат Қаражұманов Қазақстанның Еңбек Ері атағына ие болса, Азамат Сағындыков «Ерен Еңбегі үшін» медалімен марапатталды. Сондай-ақ, Президент Жарлығымен Құдайберген Қалиевке III дәрежелі «Барыс» ордені табысталды.
Одан бөлек, салтанатты жиын барысында бірқатар жерлестеріміз көпжылдық адал еңбегі, Отанға деген шынайы сүйіспеншілігі үшін жоғары мемлекеттік наградаларға ие болды. Бұл жетістіктер – облысымыздың және еліміздің өркендеуіне өз үлестерін қосқан азаматтардың еңбегіне берілген лайықты баға.
Мереке құтты болсын! Республика күнімен!