Облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов жұмыс  сапарымен Шал ақын ауданына барды

Облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов жұмыс  сапарымен Шал ақын ауданына барды

Аудан инженерлік инфрақұрылымды дамыту мен заманауи цифрлық шешімдерді енгізу бағытында оң динамика көрсетіп отыр:

Ауданда 12 елді мекенді ауызсумен қамту жобасы іске асуда, бөлінген қаржы көлемі 12 млрд теңгеден асады. Сонымен қатар, 35 шақырымға жуық автожол жөнделуде. Одан бөлек, гидротехникалық торапта жағалауды нығайту жұмыстары жалғасуда.

Аудандық аурухананың жұқпалы аурулар бөлімінде бюджет қаражаты есебінен жөндеу жасалды. Денсаулық сақтау саласына бизнес өкілдері де белсенді қолдау көрсетуде. Мәселен, Бірлік ауылындағы «Жангелді» шаруа қожалығы өз қаражатына медициналық пункт салып, ауыл тұрғындарының сапалы медициналық қызметке қолжетімділігін арттыруға үлес қосып отыр. 

Орта мектепте күрделі жөндеу жүргізіліп, оқу процесіне заманауи технологиялар енгізілуде. Сондай-ақ, «Заң және тәртіп» тұжырымдамасы аясында «Жас Сақшылар» сыныбы ашылды.

Ауданда халықтың өмір сүру сапасын арттыру және әлеуметтік инфрақұрылымды дамытуға бағытталған бастамалар жүзеге асып жатыр. Жаңа қоғамдық кеңістіктер, саябақтар,заманауи супермаркет бой көтерді.

Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес Сергеевкада еліміздегі алғашқы аудандық IT-орталық ашылды. 

«Бұл - ауылдық өңірлердің цифрлық дамуына жасалған маңызды қадам. Облыс халқының жартысына жуығы ауылдық жерлерде тұрады. Мұнда жаңа өндірістер ашылып, кәсіпкерлік кеңейіп, жұмыс орындары құрылуда, тиісінше заманауи цифрлық дағдыларды меңгерген кадрларға сұраныс артуда. Сондықтан цифрлық инфрақұрылымды тікелей жергілікті жерлерде дамыту қажет. Жақын арада осындай IT-орталықтар облыстың барлық аудандарында ашылады.»,- деді облыс әкімі. 

Қант қызылшасын өсіру және өңдеу бойынша өңір үшін бірегей жоба жүзеге асырылуда. «Asyl Farms» ЖШС алғашқы өнімін жинап, солтүстік климат жағдайында да заманауи агротехнологиялардың тиімділігін дәлелдеді. Алдағы уақытта егіс алқабы 10 000 гектарға дейін ұлғайтылатын болады. 2028 жылы жылына 1 миллион тонна шикізат өңдейтін және 200 мың тоннаға дейін қант өндіретін зауыт іске қосылады. Бұл жобаның іске асырылуы елдің азық-түлік қауіпсіздігін нығайтып, қант импортына тәуелділікті айтарлықтай төмендетпек.

 

Кәсіпорын картоп өсіру бағытында да жұмыс істеуде. Жиналған өнімді сақтау үшін 8 400 тоннаға арналған заманауи көкөніс сақтау қоймасы салынды.