СҚО-да «Таза Қазақстан» эко-күні өтті: жастар таза өңірді таңдайды

СҚО-да «Таза Қазақстан» эко-күні өтті: жастар таза өңірді таңдайды

Петропавл қаласында Мемлекет басшысы бастамашы болған «Таза Қазақстан» республикалық бағдарламасы аясында мазмұнды экологиялық күн өтті. Қаланың жастарына арналған «Эко IQ: Таза Қазақстан» атты интеллектуалдық ойын ұйымдастырылып, сондай-ақ «Эко-тілектер қабырғасы» мен «Эко-стоп кадр» креативті акциялары өткізілді. Шараның бастамашысы – Қоғамдық даму және ақпарат орталығының жастар бастамалары бөлімі.

«Эко IQ: Таза Қазақстан» интеллектуалдық ойыны қалалық колледждердің студенттерін біріктіріп, жастардың экологиялық сауаттылығын арттыруды, сыни ойлау мен командалық жұмысты дамыту мақсат етті. Сайыс екі кезеңнен тұрды: алғашқы раундта қатысушылар экотақырып бойынша сұрақтарға жауап берді – жалпы мәліметтерден бастап қалдықтарды кәдеге жарату нормаларына дейін, ал екінші раундта сөйлемдерді дұрыс реттілікпен құрастыру керек болды. Қазылар алқасы ұпайларды есептегеннен кейін жеңімпаз командалар 1, 2 және 3 орындарға ие болып, белсенді қатысушыларға шағын сыйлықтар мен пайдалы тәттілер табысталды. Ұйымдастырушылар бағалау критерийлері дұрыс жауаптар мен командалық белсенділікке негізделгенін атап өтті.

– Интеллектуалдық ойындарды өткізу идеясы жастар арасында экологиялық сауаттылықты арттыру бастамамыздың бір бөлігі ретінде туындады. Біздің мақсатымыз – студенттерге білім берумен қатар, олардың сыни ойлау және бірлесіп жұмыс істеу дағдыларын дамыту. Бұл ойын қалдықтарды сұрыптау, биологиялық алуандықты сақтау сияқты өзекті экологиялық мәселелерді талқылауға тамаша алаң болды. Біз қатысушылар алған білімдерін өмірде қолданады деп сенеміз, – деді іс-шара ұйымдастырушысы, «Birgemiz» волонтёрлік фронт-офисінің үйлестірушісі Алмагүл Ғаббас.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай интерактивтер өңірде жақсы дәстүрге айналып келеді: басты назар жастарды тәжірибе жүзінде тартуға аударылады, осылайша экологиялық мәдениет тек теорияда емес, іс жүзінде де қалыптасады. Машина жасау және көлік колледжінің студенті өз әсерімен бөлісті:

– Бір сағаттың ішінде қаншама қызықты ақпарат білуге болатынына таңғалдым. Біз тек жарысып қана қоймай, пікір алмастық, өз ойларымыз бен ұсыныстарымызды бөлістік. Әр елдің туы белгілі бір экологиялық тақырып пен бастаманы бейнеледі – бұл ойынға қызығушылық пен күтпеген сәттер қосты. Мен үшін бұл ойын тек қызықты тәжірибе емес, сонымен қатар маңызды іске өз үлесімді қосу мүмкіндігі болды. Экология тақырыбы мен үшін маңызды, және бәрі бізден – кішкентай қадамдардан басталады деп ойлаймын, – деді 2-курс студенті Евгения Губская.

Шара аясында «Эко-тілектер қабырғасы» акциясы да өтті. Үлкен баннерде жас петропавлдықтар «Мен Қазақстанды 10 жылдан кейін қандай көремін?» тақырыбына арналған тілектерін, суреттері мен идеяларын қалдырды. Ұсыныстардың арасында қалдықтарды бөлек жинау, аулаларды көгалдандыру, велоинфрақұрылымды дамыту және экологиялық білім беру бастамалары болды.

Эко-күннің жалғасы ретінде «Эко-стоп кадр» акциясы өтті. Қатысушылар «таза» және «ластанған» жағдайды салыстыра отырып, әлеуметтік маңызы бар фото және бейне оқиғалар жасады: тазалыққа дейін және кейінгі көріністер, сұрыптау мен рұқсатсыз қоқыс тастауға қарсы кадрлар, ұқыпты аулалар мен таза аумақтар. Түсірілім материалдары әлеуметтік желілерде жарияланып, табиғатты аялауға және басқаларды экобелсенділікке шақыруға бағытталды. Акция айдың соңына дейін жалғасады.

«Таза Қазақстан» бағдарламасы аясындағы бұл шаралар экологиялық білім беру, шығармашылық және практикалық бағыттарды біріктірді. Ұйымдастырушылардың айтуынша, ойын түріндегі формат, «Эко-тілектер қабырғасы» және визуалды «стоп-кадрлар» жастардың қала мен қоршаған ортаға қамқорлық жасау әдетін қалыптастыруға көмектеседі.

 

#ТазаҚазақстан #устойчивоеразвитие #чистаястрана #экология #TazaChallenge @TazaQazaqstan