СҚО құрметті ардагері Зейнолла Олжабаев өмірден озды

СҚО құрметті ардагері Зейнолла Олжабаев өмірден озды

97 жасқа қараған шағында ауыл шаруашылығы саласының ардагері, Солтүстік Қазақстан облысының Құрметті ардагері  Олжабаев Зейнолла Олжабайұлы өмірден озды.

Зейнолла Олжабайұлының өмір жолы - еліміздің ауыл шаруашылығы саласының өркендеуіне өзіндік қолтаңбасын қалдырған, кейінгі ұрпаққа өнеге боларлық тағылымды ғұмыр.

Ол бар саналы өмірін туған өлкесінің игілігіне арнап, ауыл шаруашылығын дамыту жолында табанды еңбек етті: зоотехник, кейін бас зоотехник, одан әрі аудандық ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары қызметтерін абыроймен атқарып, өз ісінің білгірі ретінде танылды. Төрт мәрте аудандық кеңестің депутаты болып сайланып, қоғамдық-саяси өмірге белсене араласты. 

«Ел мүддесі жолында атқарған қызметі жерлестерінің зор құрметіне ие болды. Зейнетке шыққаннан кейін де қоғамдық және ағартушылық жұмыстарды жалғастырып, шежіре зерттеумен айналысты, өлкеміздің тарихи-мәдени мұрасына үлес қосқан құнды еңбектер жазды. Отбасы мен туған-туыстарына, көз көрген замандастарына қайғыларына ортақтасып, көңіл айтамын. Орны толмас қайғыда сабыр тілеймін. Саналы ғұмыры, елге сіңірген еңбегі - облыс тарихында мәңгілік сақталады!»-, деп жазды өңір басшысы Ғауез Нұрмұхамбетов әлеуметтік желіде.