Петропавлда заманауи офталмология орталығы ашылды

Петропавлда заманауи офталмология орталығы ашылды

Солтүстiк Қазақстан облысында заман талабына сай офталмологиялық орталық пайда болды. Жоба мемлекеттiк-жекеменшiк серiктестiк аясында жүзеге асты. Инвестиция көлемi 550 млн. теңгенi құрады. Жаңа орталықтың жұмысымен облыс әкiмi Құмар Ақсақалов танысты.

Офталмологиялық орталық соңғы үлгiдегi қондырғылармен жабдықталған. Солтүстiкқазақстандық офталмологтар көз ауруларын емдеу үшiн инновациялық әдiстердi қолданбақ. Орталық болашақта балалар офталмологиясын дамыта отыра, лазерлiк түзеудi енгiзiп, көздiң iшкi қабығы ауруларын емдеудi жоспарлап отыр.

Орталықтың ашылуы медициналық қызметтер санын көбейтуге мүмкiндiк бердi. Клиникада тәулiк бойы кеңес-диагностика және стационарлы көмек көрсетiлiп, күрделi көз аурулары емделедi. Солтүстiкқазақстандықтар мемлекеттiк тапсырыс аясында тегiн ем ала алады. Ақылы қызмет түрлерi де көрсетiлмек. Көз ауруларын емдеудiң жаңа әдiстерi ендi Солтүстiк Қазақстан облысының тұрғындарына да қол жетiмдi. Ең бастысы осы, — дейдi өңiр басшысы Құмар Ақсақалов.

«Бiздiң мақсат — тұрғындардың жақсы медициналық қызметтi iздеп, басқа жаққа кетуiн болдырмау. Облыста көптеген оталарды жасау керек. Жаңа орталықтың ашылуы осыған мүмкiндiк бередi. Бұрын солтүстiкқазақстандықтар көз ауруларын емдеу үшiн елiмiздiң басқа өңiрлерiне, шетелге баратын. Ендi оның қажетi жоқ. Көп оталар кепiлдi тегiн медициналық көмек аясында тегiн жасалады», — деп атап өттi Құмар Ақсақалов.

Жалпы, облыста биыл жаңа қондырғыларды сатып алуға бюджеттен 4 млрд. теңге бөлiндi. Былтырғы жылмен салыстырғанда бұл 3 есе көп. Облыстық ауруханаға 2 магниттi-резонансты томограф пен ангиограф алынады. Соңғы рет мұндай қондырғы 2008 жылы алынған едi. Осының арқасында ауруларды анықтау және жалпы медициналық қызмет сапасы артпақ.