
Бұл жайында энергетикалық кәсiпорындарды аралаған СҚО әкiмi Құмар Ақсақалов мәлiмдедi.
Елбасының тапсырмасына сай Қазақстанда коммуналдық тарифтер бағасының негiзсiз өсуiне жол бермеу бағытында ауқымды жұмыстар жүргiзiлдi. Нәтижесiнде облыста барлық бағыттар бойынша тарифтер төмендедi. Электр энергиясының бағасы 9,3% түстi. Жылу энергиясына да тариф азайтылды. Су тарифi 9%, кәрiз 3%, газ 1,6% төмендедi. Лифт, кооператив және қоқыс шығару қызметтерi 5% арзандады. Өңiрде көмiрдiң бағасы 800 ден 3000 теңгеге дейiн түстi.
«Жалпы, тарифтердiң төмендеуi тұтынушыларға жылына 700 млн.теңге үнемдеуге мүмкiндiк бердi. Бұл бiрталай ақша. Ендi мақсат — көрсетiлетiн қызметтердiң сапасын түсiрмеу. Атқарылған жұмыстың арқасында «Береке» ықшам ауданында жылу жүйесi жақсарды. Бұл ауданда жаңа жылу жүйесi iске қосылды. Жұмысшы кентi мен темiр жол вокзалы ауданында да оң өзгерiстер орын алды», — дедi Құмар Ақсақалов.
Облыста коммуналдық қызметтердi төлеуге бар жағдай жасалуда. Бұл бiрыңғай түбiртек, жеке кабинет арқылы төлеу жүйесi. Жуық арада коммуналдық төлемдерге арналған мобилдi қосымша iске қосылады.