Солтүстiк Қазақстанда жұмыртқа экспорты 74% артты

Солтүстiк Қазақстанда жұмыртқа экспорты 74% артты

Бұл жайында облыстық әкiмдiктiң отырысында өңiр басшысы Құмар Ақсақалов мәлiмдедi.

Солтүстiк Қазақстан облысында құс шаруашылығы тұрақты дамуда. СҚО өңiрлердiң арасында жұмыртқа өндiрiсi бойынша үштiкке енедi. Солтүстiк Қазақстанның үлесi республикада 14% тең. 2018 жылы облыста 809 млн.дана жұмыртқа өндiрiлдi. Бұл 2017 жылмен салыстырғанда 16% көп.

«Құс шаруашылығын одан әрi дамыту керек. Бiздiң өнiм сұранысқа ие, әрi бәсекеге қабiлеттi. Былтыр 2017 жылмен салыстырғанда жұмыртқа экспорты 74% артты», — дедi Құмар Ақсақалов.

Жалпы, былтыр СҚО экспорт 20%-ға өсiп, 129 млн. долларды құрады, импорт 10% азайды. 2018 жылы экономика өсiмi 104,4% құрады. Аграрлық салада өндiрiлген өнiм көлемi жарты триллион теңгеден асып жығылды. Ауыл шаруашылығы өнiмiнiң көлемi 2,0% өстi. Өнеркәсiптiк өндiрiс көлемi 2,2% артса, құрылыс жұмыстарының көлемi 13,6% көбейдi.