Үкiметтiң кеңейтiлген отырысында Нұрсұлтан Назарбаев Солтүстiк Қазақстан облысының егiстiк алқаптарын әртараптандыру бағытында атқарған жұмысына оң бағасын бердi.
Мемлекет басшысы агроөнеркәсiп секторында жүйелi жұмыстардың атқарылғанын, оның тиiсiнше жемiсiн бере бастағанын атап өттi. Былтыр 23 млн. тоннаға жуық бидай қамбаға құйылды. Қант қызылшасы, зығыр, соя бұршағының алқаптары өстi. Солтүстiк Қазақстан — майлы дақылдарды өсiрудегi үздiк өңiр.
«Солтүстiк Қазақстанда майлы дақылдардың алқаптары екi есеге өсiп, 1 млн. га жеттi. Бұл елiмiздегi алқаптардың 40%. Бұрын мұндай болған емес. Құмар Ақсақалов тек қана бидай емес, майлы дақылдарды да өсiру тиiмдi екенiн түсiндi. Басқалар да ойлансын!», — дедi Нұрсұлтан Назарбаев.
Бұған дейiн өткен СҚО әкiмдiгiнiң отырысында Құмар Ақсақалов облыс 2019 жылы да егiстiк алқаптарын әртараптандыруды жалғастыратынын айтқан болатын.
«Егiстiк алқаптарын әртараптандыруды жалғастырамыз. Былтыр 1 млн. га жеткiздiк, биыл тағы жұмыс iстеп, егiстiк алқаптары құрылымының 25% жеткiзу керек. Бiз дұрыс бағыттамыз. Жыл қорытындылары көрсеткендей, диқандардың табысы өстi. Майлы дақылдар сұранысқа ие, экспортқа бағытталған тауар», — дедi Құмар Ақсақалов.