
Халық алдындағы есептiк кездесу барысында өңiр басшысы Құмар Ақсақалов Петропавл қаласын дамыту бойынша жоспарларымен бөлiстi.
Облыс әкiмi атап өткендей, 2015 жылдан 2018 жылға дейiн қала бюджетi 1,5 есеге — 28 ден 41 млрд. теңгеге дейiн өскен. Соңғы 5 жылда қаланың дамуына 158 млрд. теңге бөлiндi. 2018 жылы барлық негiзгi көшелер жөнделдi, 112 аула абаттандырылды. Биыл тағы 500 млн теңге аулаларды жөндеуге бөлiнбек. Қала көшелерiне 2 мыңнан аса энергия үнемдегiш шам қойылды. 2617 ағаш егiлiп, 8 саябақ қалыпқа келтiрiлдi. Жаңа театр мен облыстағы ең үлкен «Достық Молл» сауда үйi қаланың көркiне айналмақ.
Облыс орталығында «Жас Өркен» жаңа шағын ауданы бой көтердi. 640 ескi және апатты үй сүрiлдi. Жаңа ауданда 2 мың пәтер салынуда.
«Петропавлда көп жылдар бойы апатты үйлердiң мәселесi шешiлмей келдi. Былтыр 3 апатты үй сүрiлдi. Биыл тағы 4 апатты үйдi көздеп отырмыз. Ол жерде екi 93 пәтерлiк үй саламыз. Облыс орталығының дамуына «Шығыс», «Орман», «Жас Өркен» шағын аудандары серпiн бермек. Құрылысқа инвестиция құямыз деген кәсiпкерлер баршылық», — дедi Құмар Ақсақалов.
Жалпы, 2019 жылы 2 240 пәтер салынып, 8 мың облыс тұрғыны баспанаға ие болмақ. «7-20-25» бағдарламасы бойынша 518 пәтер дайын, биыл барлығы 851 пәтер сатылмақ.