СҚО жоғары дайындық режимiне көштi

СҚО жоғары дайындық режимiне көштi

СҚО әкiмдiгiнде көктемгi тасқынға дайындық барысы пысықталды.

Облыста бұл бағытта жүйелi жұмыс жүргiзiлуде. Барлық қызметтер жоғары дайындық режимiне көштi. Жылдам жұмыс iстеу үшiн 1400 адам, 730 бiрлiк техника мен 353 мотопомпа жұмылдырылған. Облыста былтыр су өткiзгiш 20 құбыр салынды, биыл тағы 27-сi iске қосылады.

Елдi-мекендерден 800 мың тоннаға жуық қар шығарылды, автожолдарда 2 мың құбыр тазартылды. Дегенмен, жұмыс әлi көп. Өңiр басшысы ауылдардағы барлық үйлердi тексеруге тапсырма бердi.

«Әкiмдер аяқтарымен жүрiп өтсiн. Әр үйдi тексеру керек. Мереке күндерi аудандарды араладым. Ауылдардағы көшелер бойында қар көп. Оны тазалап, суға жол беру керек. Барлық деңгейдегi әкiмдердiң жеке жауап беретiнiн ескертемiн. Әр оқиға жеке қарастырылады. Барлық iс-шараларды алдын-ала жасап, су басу қаупiн сейiлтуге болады», — дедi Құмар Ақсақалов.

СҚО әкiмiнiң айтуынша, Петропавлдың шеткерi аудандарында суды сору жұмыстарына қарқын қосу қажет.

«Жұмысшы кентiнде кәрiздiк жүйе тек орталық көшелерде тазартылған. Тұрғындардан шағын аудандарда суды сору жұмыстары тиiстi деңгейде жүргiзiлмейтiнi туралы шағымдар түсуде. Осыған орай, жеке кәсiпорындармен келiсiм-шартқа отыруға тапсырма беремiн», — дедi облыс әкiмi.

Мемлекеттiк және бюджеттiк ұйымдардың аумақтарында да қар баршылық. Құмар Ақсақалов қар шығару жұмыстарына қосымша күштердi тартуды тапсырды.