Солтүстiк Қазақстанда «Ашық бюджет» жобасы жүзеге асуда

Солтүстiк Қазақстанда «Ашық бюджет» жобасы жүзеге асуда

СҚО әкiмдiгiнiң отырысында «Қызылжар — адалдық алаңы» жобалық кеңсесiнiң жұмысы талқыланды. Аталмыш жоба аясында өңiрде бiрқатар жаңашылдықтар енгiзiлмек.

Облыста «Ашық бюджет» жобасы енгiзiлiп жатыр. Әкiмдiктердiң интернет сайттарында азаматтар бюджеттiң қалай жұмсалып жатқанын көрiп, салық төлеушiлердiң ақшасы қайда бағытталатын бақылап отыра алады. Интерактивтi карта жасалуда, ол жерде құрылыс және жөндеу жұмыстарының орындалу барысын қадағалауға мүмкiндiк туады. Өңiр басшысының тарапынан бұл жобалар қолдау тапты.

«Қызылжар — адалдық алаңы» жобалық кеңсесiнiң барлық ұсыныстарын қолдаймыз. Бiзге үш бағыт бойынша жұмыс жасау керек: мемлекеттiк қызметтердi көрсету, электрондық жүйеге көшу және құрылыс және жөндеу жұмыстарын қадағалау. Елбасының тапсырмасына сай биыл өңiрде әлеуметтiк нысандарды жөндеуге қыруар қаражат бөлiнбек. Осының барлығын тексерiп, қадағалап отыру қажет. Жергiлiктi әкiмдiктердiң сайттарында «Ашық бюджет» жобасын iске қосып жатырмыз. Әр адам бюджеттiң қалай игерiлiп жатқанын көре алады», — дедi Құмар Ақсақалов.

Өңiр басшысының тапсырмасына сай аудан әкiмдерi және басқарма басшылары әлеуметтiк желiлерде өз парақшаларын ашуда. Бұл мемлекеттiк органдардың ашық болуына, азаматтардың өтiнiштерiн жылдам қарауға мүмкiндiк бередi.