
СҚО басшысы Құмар Ақсақалов Петропавл активiне жаңа қала әкiмiн таныстырды. Бұл қызметке Ғабит Мүсiрепов ауданының бұрынғы әкiмi Болат Жұмабеков тағайындалды. Өңiр басшысы Петропавлды дамыту бойынша нақты мiндеттер мен жоспарларды айқындады.
Апатты үйлердi сүру — жаңа қала әкiмiнiң басты мiндеттерiнiң бiрi. Облыс орталығында апатты және ескi үйлердiң орнына жаңа баспананы тұрғызу үрдiсi жалғаса бермек.
«Бiз ескi үйлердiң орнына жаңа баспана салып, тұрғындардың жағдайын жақсартып жатырмыз. 600 ескi үйдi сүрiп, оның орнына 2000 аса пәтер салынып жатыр. Ескi үйлердiң тұрғындары жайлы пәтерлерге ие болды. Былтыр 3 апатты үй құлатылды. Қазiр Петропавлда 17 апатты үй болса, оның төртеуi биыл сүрiледi», — дедi Құмар Ақсақалов.
Құмар Ақсақалов Болат Жұмабековке құрылысқа да қарқын қосуды тапсырды. Облыс әкiмiнiң айтуынша, Петропавл биiкке қарай дамуы керек.
«Бiзде бар жағдай жасалған. Қалаға кiре берiсте ыңғайлы құрылыс алаңқайы бар. Горький көшесiн дамыту керек. Бiзге көпқабатты үйлер салған абзал. 18 қабатты үйлердi тұрғызамыз. Қала биiкке қарай дамуы керек. Бұл әлемдiк тенденция. Жаяу жүргiншiлер және ландшафт дизайны бар алаңдар жасау керек. Ескi шағын аудандардың орнына жаңа баспана салған жөн. Қаланың бас жоспары 12 жыл бұрын жасалған, яғни ескiрдi. Бiз әр шағын ауданның даму жоспарын жасаймыз», — дедi Құмар Ақсақалов.
Қала тұрғындарын мазалайтын басты мәселелердiң бiрi — қоғамдық көлiктiң жағдайы. Өңiр басшысы автобустарды жаңарту керек дейдi. Жыл соңына дейiн қала көшелерiне он шақты заманауи автобус шығады.
«Жуырда жаңа автобустарды сынақтан өткiземiз. Олар төмен, мүмкiндiгi шектеулi жандарға ыңғайлы, желдету жүйесi бар, Евро-5 стандарына сай. Жаңа автобусты қала көшелерiнде жүргiзiп көремiз. Егер де барлығы ойдағыдай болса, биыл лизингке 30-50 автобус сатып аламыз», — дедi Құмар Ақсақалов.
Қаланы абаттандыру да маңызды сұрақтардың бiрi. Көшелердi жарықтандыру, көгалдандыру, аулаларды жөндеу биыл да жалғасын табады. Аулаларды жөндеу жұмыстарына биыл 500 млн. теңге бағытталады. Осы жұмыстың аясында 60 балалар және спорттық алаңқай қойылады. 2018 жылы 8 саябақ абаттандырылды, биыл тағы 4 саябақты көркейту жоспарда бар. Сондай-ақ көпқабатты үйлердiң аулаларына 10 шағын футбол алаңы салынады.