Облыстар арасындағы ең жас әкiмнiң орынбасары Жастар iсi жөнiндегi комитеттi басқарды

Облыстар арасындағы ең жас әкiмнiң орынбасары Жастар iсi жөнiндегi комитеттi басқарды

Облыстық әкiмдiкте Солтүстiк Қазақстан облысы активiнiң отырысы өттi. Жиында СҚО әкiмi Құмар Ақсақалов Мадияр Қожахметтi ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлiгiнiң Жастар iсi жөнiндегi комитеттiң төрағасы болып тағайындалуымен құттықтады. Маңызды лауазымдағы жұмыс — Мадияр Қожахметтiң СҚО әкiмi орынбасары ретiнде атқарған еңбегiне берiлген баға.

«Мадияр Қожахмет бiздiң елiмiздiң Жастар комитетiн басқаратын болды. Биыл Жастар жылы аясында көптеген iс-шаралар өткiзiлмек. Сiзге осындай маңызды кезеңде басқару сәтi түстi. 4 жыл жұмыс жасаған уақытта солтүстiк өңiрi туған жерiңiздей болып кеттi. Менiң орынбасарым болып тағайындалғанда, елiмiздегi ең жас орынбасар болатын. Өзiн бiлiктi маман ретiнде көрсеттi. Сондықтан, оның еңбегiн бағалап, орталық жұмысқа шақырып отыр», — дедi Құмар Ақсақалов.

Құмар Ақсақалов активке жаңа орынбасарын да таныстырды. Бұл қызметке СҚО тумасы Руслан Әлiшев тағайындалды. Руслан Әлiшев СҚО-ның және орталық мемлекеттiк органдарында басшылық қызметте болды.