
СҚО әкiмi Құмар Ақсақалов Петропавлдың өнеркәсiп аймағындағы бос тұрған ғимараттарды қалпына келтiру жұмыстарының барысын тексердi.
Алғашқы нысан — «Радуга» серiктестiгi. Жеке индустриялық аймақта бiрнеше өндiрiс ошағы жұмыс iстеуде. Тағам, гигиена, пластикалық бұйымдар шығарылады. Көтерме-тарату орталығы күзде ашылады. Жуырда тұрмыстық химия шығаратын фабрика iске қосылады. Қазiр сұйық сабын өндiрiсi бар, айына 100 тонна өнiм шығарады. Қатты сабын өндiрiсi елiмiздегi жалғыз кәсiпорын болмақ. Жаңа желi iске қосылғасын кәсiпорын жылына 6 мың тонна сұйық және қатты сабын шығармақ.
«Аталмыш кәсiпорынның жұмысы — бәрiне үлгi. Қоқыс пен үйiндiлердiң орнына бизнесмен мықты индустриялық аймақ салды. Бәсекеге қабiлеттi өндiрiстер iске қосылды. Бұл ғимараттар көп жылдар бойы қаңырап бос тұрды. Қазiр қалпына келтiрiп жатырмыз. Бiздiң мақсат — осындай кәсiпкерлерге көмектесу», — дедi Құмар Ақсақалов.
Қазiр өңiрге инвесторларды тарту бойынша жұмыстар жүргiзiлуде. Петропавлда бос тұрған ғимараттар баршылық. Оларды жергiлiктi билiк инвесторларға беруге дайын. Облыс басшылығының ұсынысына «PP Solutions» ЖШС үн қосты. Бұрынғы Калинин зауытында қазiр қайта қалпына келтiру жұмыстары жүргiзiлуде. Мұнда заманауи дата орталық орналаспақ. Серверлер орнатылып, ақпарат орналастыру қызметiн көрсетiлмек. Қазiр әлемдiк әлеуметтiк желiлердi басқаратын компаниялармен келiссөздер жүргiзiлуде. Орталық 2020 жылы ашылады. 150 адам жұмыспен қамтылмақ.