СҚО әкімі: «Ашық қоғамдық қабылдау – халықпен кері байланыс жасаудың тиімді амалы»

СҚО әкімі: «Ашық қоғамдық қабылдау – халықпен кері байланыс жасаудың тиімді амалы»

Солтүстiк Қазақстан облысында ашық қоғамдық қабылдау өттi. Оған облыс және қала басшылығы, мемлекеттiк органдардың басшылары қатысты. Қоғамдық қабылдауға барлығы 150 адам келсе, оның 32-iн облыс әкiмi Құмар Ақсақалов қабылдады.

Береке ауданының тұрғындары Северная көшесi жолының сапасы және Досмұхамбетов көшесiндегi жарық шамдарының жоқтығы туралы айтып келдi. Облыс әкiмi көшеге қиыршық тас төсеудi қарастыратынын айтты. Көшенi жарықтандыру мәселесi де шешiледi. Биыл Досмұхамбетов көшесiн кеңейтiп, жарықтандыру жоспарға енген.

Сәтпаев көшесiнiң тұрғыны ауланы жөндеудi сұрап отыр. Өңiр басшысы биыл аулаларды жөндеуге 500 млн. теңгенiң бөлiнгенiн, 60 ауланың жөнделетiнiн айтты. Аталмыш ауланы да тiзiмге қосады.

«Сенситив» би ансамблiнiң жетекшiсi Ольга Ростовщикова өңiр басшысына би театрын ашу ұсынысымен келдi. Аймақ басшысы өнер ұжымының ұсынысын қолдады.

Жалпы, тұрғындарды абаттандыру, су, жол, баспана мәселесi толғандырады. Аймақ басшысы облыста ашық қоғамдық қабылдаудың өткiзiлуi жақсы дәстүрге айналды дейдi.

«Ашық қоғамдық қабылдау халықпен керi байланыс жасаудың бiрден-бiр амалы. Бiз тұрғындардың мәселесiн шешемiз, оларға атқарылып жатқан жұмыстар жайлы айтамыз. Қоғамдық қабылдауға осы уақытта 700 ден аса адам келдi. Мен өзiм 146 солтүстiкқазақстандықты қабылдадым. Бiраз мәселелер шешiлдi. Мысалы, маған Мамлют ауданындағы Леденево селосының тұрғындары ауылдың iшiнде су тарату жүйесiн салуды сұраған едi. Жазғы уақытта ауылдың iшiне су тартып, колонкалар қоямыз. Жалпы облыста 40 ауылды қамтимыз, 400 колонка қойылады. Первомай көшесiндегi апатты үйдiң сүрiлуi бойынша да мәселе көтерiлдi. Бұл көшедегi 4 апатты үй сүрiлiп, тұрғындарға баспана берiледi. Бiз барлық мәселелердi бақылауға алып, оны шешу бойынша барымызды жасаймыз. Кейбiр сұрақтар уақытты талап етедi», — дедi Құмар Ақсақалов.