Солтүстік Қазақстанда роботталған қоспажем зауыты іске қосылды

Солтүстік Қазақстанда роботталған қоспажем зауыты іске қосылды

Солтүстік Қазақстан облысында заманауи қоспажем шығаратын зауыт ашылды. Жаңа кәсіпорынды іске қосу рәсіміне СҚО әкімі Құмар Ақсақалов пен «KAZMEAL» компаниясының бас директоры Дина Өтебаева қатысты.

Кәсіпорынның қуаттылығы – 360 мың тонна дайын өнім. Бұл еліміздегі осындай ауқымдағы алғашқы зауыт. Инвестиция көлемі – 4 миллиард теңгеден асып жығылады, оның тек жартысы шетелдік қаражат. Зауытта 76 жаңа жұмыс орны ашылды. Дайын өнім экспортқа жөнелтіледі.

«Жыл сайын облыста 5,5 млн. тонна астық өндіріледі. Бізде 4-5 санаттағы бидай бар. Зауыт 4-5 санатты бидай мен майлы дақылдардың өнімін өңдеп, сапалы қоспажем өндіретін болады. Бұл егістік алқаптарын әртараптандырудың арқасы. Аталмыш кәсіпорынның даму перспективасы жоғары. Өндірісті кеңейту жоспарда бар», — деді Құмар Ақсақалов.

Зауытта соңғы үлгідегі қондырғылар орнатылған. Зауыттың ерекшелігі — қаптарды робот жүйесі арқылы арту. Қондырғы «Siemens» компаниясының жүйесі арқылы жұмыс істейді. Бұл әлемдегі электроника және цифрлы технологиялар саласындағы көшбасшылардың бірі.

Үздік технологиялар сапалы әрі қауіпсіз өнім алуға мүмкіндік береді. Зауытта азық-түлік қауіпсіздігі саласындағы ISO 22000 халықаралық сапа стандарты енгізілген.