
Петропавлда тұрғын үй коммуналдық шаруашылық сұрақтары бойынша заң актiлерiне өзгертулер енгiзудi талқылауға арналған көшпелi отырыс өттi. Отырысқа СҚО әкiмi Құмар Ақсақалов, Мәжiлiстегi экономикалық реформа және өңiрлiк даму комитетiнiң төрағасы Нұртай Сабильянов, Сенат депутаты Ерiк Сұлтанов, Мәжiлiс депутаттары, индустрия және инфрақұрылымдық даму министрiнiң бiрiншi орынбасары Қайырбек Өскенбаев қатысты.
Отырыста облыс әкiмi тұрғын үй мәселелерiн көтердi. Бүгiн бұл тақырып қоғамда көп талқыланып жүр. Қазiр облыста 1785 көп қабатты үй болса, оның 55 пайызы кондоминиумға тiркелген, 35 пайызы басқару формасымен қамтылған.
«Бүгiнде үйлердiң көбi ескiрген. Жаңарту бағдарламасы аясында 2011-2018 жылдары 2,7 млрд.теңгеге 168 үй жөнделдi. Осының арқасында күрделi жөндеудi талап ететiн үйлердiң үлесi 27%-дан 17%-ға дейiн қысқарды. Халық бұл механизмның тиiмдiлiгiн түсiндi. Есептiк кездесулерде тұрғындар осы бағдарламаны қайта iске қосуды сұрап отыр. Үкiмет осы бағытта жұмыс жасап жатыр. Бағдарламаны 2020 жылдан бастап қайта жаңғырту туралы ұсыныс айтамын», — дедi Құмар Ақсақалов.