
СҚО әкiмi Құмар Ақсақалов Өзбекстаннан келген делегациямен кездестi. Делегацияны Хорезм облысы хокимының бiрiншi орынбасары Кудратбек Игамбергенов бастап келдi. Кездесу барысында екi тарап көп салаларда өзара ынтымақтастық орнату туралы сөз қозғады.
«Жуырда екi елдiң басшылары кездестi. Бiрнеше келiсiмдерге қол қойылды. Бiз өңiрлiк деңгейде жұмыс жасауға дайынбыз. Өзбек бизнесмендерiн әрiптестiкке шақырамын. Бiздiң жер Қазақстандағы ең құнарлы. Бiрлескен жобаларды жүзеге асырамыз деген сенiмдемiн», — дедi Құмар Ақсақалов.
Хорезм облысы хокимының бiрiншi орынбасары Кудратбек Игамбергенов өзбек тарабы өзара ынтымақтастыққа дайын екендiгiн жеткiздi.
«Қонақжайлық танытқаныңыз үшiн рақмет. Қазақстан Өзбекстан үшiн стратегиялық серiктес. Бiздiң тарихымыз ортақ. Бiз қазақ достарымызбен бiрлескен жобаларды жүзеге асыруға бар жағдайды жасаймыз. Серiктестердi барынша қолдаймыз», — дедi Кудратбек Игамбергенов
Петропавлда СҚО және Хорезм облысының бизнесмендерi B2B форматында кездесу өткiзедi. Орталық алаңда өзбек кәсiпкерлерiнiң жәрмеңкесi ұйымдастырылады.