
Бұл жайында СҚО әкiмi Құмар Ақсақалов қала мектептерiн аралау кезiнде мәлiмдедi. Облыс әкiмi мектептердiң күрделi жөндеуден өтуiн қадағалады. Өңiр басшысы мұғалiмдер мен ата-аналардан заңсыз ақша жинаған басшыларды қатаң жаза күтiп тұр дейдi.
«Бiзге мұғалiмдерден сыныпты жөндеуге ақша жинап жатыр деген ақпарат түсуде. Бұл бассыздық. Бiз бюджеттен барлық қаражатты беремiз. Мұғалiмдер мен ата-аналардан бiрде-бiр тиын жиналмасын. Егер осындай фактiлер тiркелсе, басшыларды жазалаймыз, тiптi орнын босатады. Мектеп директорлары мен аудандық бiлiм басшыларына айтып жатырмын. Бiлiм басқармасы облыс бойынша бақыласын. Егер фактiлер болса, маған Фейсбук пен Инстаграмға жазыңыздар, тексеремiз», — дедi Құмар Ақсақалов.
Айта кетейiк, биыл облыста 120 мектептi күрделi жөндеуден өткiзуге 5 млрд. тг. бөлiндi. Былтырғы жылдармен салыстырғанда қаражат 12 есе өстi.