Түрiк компаниясы Петропавлда әлемдiк талаптарға сай көпсалалы аурухана салады

Түрiк компаниясы Петропавлда әлемдiк талаптарға сай көпсалалы аурухана салады

ҚР Премьер-Министрi Асқар Мамин Елбасының «Әлеуметтiк қамқорлық» шараларын iске асыру және Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қазақстандықтардың денсаулығын сақтау мәселелерi жөнiндегi тапсырмаларын орындау аясында мемлекеттiк-жекешелiк әрiптестiк тетiгi бойынша жаңа денсаулық сақтау нысандарын салу туралы келiсiмге қол қою рәсiмiне қатысты.

Рәсiм барысында СҚО әкiмi Құмар Ақсақалов пен «YDA Holding» компаниясының басқарма төрағасы Арслан Хусейн Петропавлда көпсалалы аурухана салу жөнiндегi меморандумға қол қойды.

Арслан Хусейн атап өткендей, Қазақстандағы инвестициялық ахуал қолайлы және инвесторлар үшiн жобаларды жүзеге асыруына барлық жағдайлар жасалған.

Аталмыш шараға дейiн СҚО әкiмi Арслан Хусейнмен кездесу өткiздi. Бұл жайында өңiр басшысы Фейсбуктегi жеке парақшасында жазды.

«Инвестор өз қаржысына биыл заманауи көпсалалы аурухананың құрылысын бастайды. Бiз осы жобаны жүзеге асыру үшiн бiр жыл бойы келiссөздер жүргiздiк. Бұл СҚО тұрғындары үшiн маңызды әлеуметтiк жоба. Аурухананың ашылуы сапалы медициналық қызметтердi көрсетiп, үздiк технологияларды енгiзуге мүмкiндiк бермек. Үздiк дәрiгерлер заманауи медициналық қондырғыларда жұмыс жасайтын болады. Бiздiң тұрғындар өңiрден кетпей-ақ, сапалы ем алатын болады. Оған қоса, аурухана кешенi елiмiздiң өңiрлерi мен көршiлес Ресей облыстарының тұрғындары үшiн тартымды болады. Осылайша, бiз медициналық туризмдi дамытамыз», — дедi Құмар Ақсақалов.

Түрiк инвесторы аурухананы салып қана қоймай, оны басқаратын болады. «YDA Holding» бұл бағытта бай тәжiрибеге ие, менеджменттiң заманауи стандарттарын енгiзедi. Сондай-ақ өңiр дәрiгерлерiн оқытып, тәжiрибе алмасу үшiн шетелдiк мамандарды тартпақ.

Көпсалалы аурухана «Шығыс» шағын ауданында салынады. Кешеннiң аумағында дәрiгерлерге арналған баспана тұрғызылады.