
СҚО әкiмдiгiнiң отырысында елдi-мекендердi және Петропавлды абаттандыру мәселесi талқыланды. СҚО әкiмi Құмар Ақсақалов шағын және мемлекеттiк органдарды өз аумақтарын тиiстi деңгейде ұстамағаны үшiн қатты сынға алды.
«Облыс орталығында белге дейiн шөп өсiп тұр. Тұрғын үй кооперативтерi, кәсiпкерлер мен мемлекеттiк ұйымдар iс-әрекет жасауға құлық танытар емес. Петропавлда шөп шабатын жұмысшылардың саны аз. Ал қалада 1500 нысан бар. Коммуналдық қызметтер жолдан тротуарға дейiн абаттандырады, ал тротуардан үйге дейiн жауапкершiлiк үй иелерi немесе кәсiпкерлердiң мойнында», — дедi өңiр басшысы.
Сондай-ақ облыс әкiмi құрылыс және жөндеу жұмыстары кезiнде қоғамдық бақылауды күшейту керек дедi. Әлеуметтiк желiлер арқылы тұрғындардың белсендiлiгi облыс әкiмiн қуантып отыр.
«Көп тұрғындар мониторингке тартылса, қоғамға пайдасы тиедi. Құрылысшылар бiрден сапалы жасасын. Кепiлдiк мерзiмiн ұлғайту керек. Зертханалар арқылы құрылыс материалдарын тексеру қажет. Жауапкершiлiгi төмен мердiгерлердi «қара тiзiмге енгiзген жөн», — дедi облыс әкiмi.