«Этика» термині ежелгі гректің «этос» сөзінен шыққан, оның негізінде Аристотель адами қасиеттерді білдіретін «этика» терминін енгізді. Аристотельдің еңбегі (б.э.д. 384-322 ж.ж.) антикалық этиканың ең жоғары дамуы болып саналады. Аристотель Платонның шәкірті екені бәрімізге мәлім. «Платон – менің досым, бірақ шындық қымбаттырақ» деген сөзді барлығы естіді.
Шын мәнінде, Аристотель «Платон мен шындық маған қымбат болса да, қасиетті парыз ақиқатқа артықшылық беруді бұйырады» деді. Аристотельдің әдеп туралы үш көрнекті еңбегінің ішіндегі ең маңыздысы – «Үлкен этика».
Аристотельдің пікірінше, әдеп адамның жеке мінез-құлқын, оның басқа адамдармен қарым-қатынасын зерделеуі тиіс, сондықтан бұл, ең алдымен әлеуметтік-саяси әдеп, яғни мемлекет пен азаматтың моральдық міндеттерін зерттейтін білім саласы болып табылады. Антикалық философтың әдеп жөніндегі еңбектері қазіргі заманмен, біздің мемлекеттік қызметшілердің әдеп мінез-құлқымен тығыз байланысты.
Адалдық, мейірімділік, ізгілік сөз тіркестерінің бір түбірі бар – ол ЖАҚСЫЛЫҚ. Сөздікке сәйкес адалдық ұғымы – бұл оның адалдығына күмән келтіруге болмайтын адами қасиет. Бұл сөздің синонимдері: ұждандылық, әдептілік, инабаттылық, пәктік, тұрақтылық.
Әрбір синонимді талдай отырып, біз мемлекет пен қоғам мемлекеттік қызметшіден өз міндеттерін орындау кезінде ұждандылық, әдептілік, инабаттылық, пәктік пен тұрақтылықты талап етеді деген қорытындыға келеміз.
Барлық уақытта мемлекеттік қызмет атқару қоғам мен мемлекет тарапынан ерекше сенім білдіру болып табылады және мемлекеттік қызметшілердің қызмет әдебіне жоғары талаптар қояды.
Мемлекеттік қызметшінің мінез-құлқы, ең алдымен ғасырлар бойы қалыптасқан мораль мен этиканың жалпы адамзаттық құндылықтарына, барлық конфессиялардың діннің жазылған және жазылмаған өсиеттеріне сәйкес келуі тиіс. Яғни, бұл жақсы тәрбие, жақсы мінез-құлық ұғымына сәйкес келетін адам дамуындағы ең жақсысын талдау және синтездеу. Бұл отбасына, қоғамға және де ұжымдағы мінез-құлыққа қатысты.
Мұның барлығы 2022 жылғы 22 ақпанда жаңа редакцияда қабылданған Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызметшілерінің әдеп кодексіндегі мемлекеттік қызметшінің мінез-құлық қағидаларында жазылған.
Мемлекеттік қызметші тең құқылық, баршаның заң алдындағы теңдігі, әділдік, гуманизм, адамгершілік, ар-намыс және құрмет қағидаттарын басшылыққа алады.
Жаңа замандағы мемлекеттік қызметшінің портреті – бұл құзыретті, кәсіби және адал қызметші. Ол халық пен қоғамның мемлекеттік билік институттары мен мемлекеттік қызметке деген сенімін нығайтуға бағытталған.
Ол үшін өзінің функционалдық міндеттерін орындау кезінде ол біздің қоғам азаматтарының қажеттіліктерін толық қанағаттандыруға, жеке және заңды тұлғалардың өтініштерін сапалы және жан-жақты қарастыруға бағытталуы тиіс. Өзінің функционалдық міндеттерін орындау кезінде ол формалист және бюрократ болмауы тиіс, сәйкесінше өз жұмысын жан дүниесімен орындауы тиіс. Қазіргі заманғы мемлекеттік қызметші мемлекеттік және ресми тілді меңгеруі тиіс, сондай-ақ шет тілдерін оқып-үйренуге, өз бетінше білім алуға ұмтылады. Ол өзінің беделін және мемлекеттік қызметтің имиджін бағалайды. Ол төз імді. Ол – өз елінің патриоты.
Еліміздің Президенті Қ.Ж.Тоқаев мемлекеттік тілді игеру және патриотизм туралы өзінің 2021 жыл 1 қыркүйектегі Жолдауында былай деді: «Қазір Қазақстан мүлде жаңа дәуірге қадам басты. Соған сәйкес қоғамдық өмірдің барлық саласы түбегейлі өзгеруде. Жаһанды тұрақсыздық жайлап, көптеген жаңа сын-қатер пайда болып жатқан кезде біз бағдарымызды бекемдеп, болашаққа көзқарасымызды айқындай түсуіміз қажет. «Бірлігіміз – әралуандықта» деген басты қағидамыз ешқашан өзгермейді. Сондықтан, этносаралық қатынастардың үйлесімді дамуы Қазақстанның мемлекеттік саясатының басты бағытының бірі болған, әрдайым солай болып қала береді.
Бұл – бекерге айтылған сөз емес. Мұндай ұстанымды қазақстандықтардың басым көпшілігі қолдайды. Біздің азаматтарымыз үшін келісім мен толеранттылық – мәдениеттер мен тілдерді өзара тоғыстыратын өмірдің шынайы көрінісі, нақты болмысы. Біз – Конституцияда айтылғандай, біртұтас халықпыз. Біздің нағыз күшіміз – осында. Біз пікір алуандығын қолдай отырып, радикализмнің кез-келген көрінісінің жолын кесеміз, мемлекеттік егемендігімізге, аумақтық тұтастығымызға қол сұғуға жол бермейміз. Қоғамдағы бірлік пен келісімді көздің қарашығындай сақтауымыз керек. Этносаралық және конфессияаралық қатынастың қаншалықты маңызды екенін барлық азаматымыз түсінуі қажет. Біз қашанда алауыздыққа қарсы тұра білген елміз. Адамды тіліне, ұлтына, нәсіліне қарап кемсітуге, біреудің намысына тиюге жол бермейміз, заң бойынша жауапқа тартамыз. Конституцияға қайшы мұндай жауапсыз қадамдар еліміздің негізгі мүдделеріне зиян келтіреді. Қазақ тілін дамыту мемлекеттік саясаттың басым бағытының бірі болып қала береді. Бұл салада айтарлықтай нәтиже бар. Қазақ тілі, шын мәнінде, білім мен ғылымның, мәдениет пен іс жүргізудің тіліне айналуда. Жалпы, мемлекеттік тілді қолдану аясы кеңейіп келеді.
Бұл – заңды құбылыс, өмірдің басты үрдісі. Сондықтан, қазақ тілінің өрісі тым шектеліп бара жатыр деуге негіз жоқ. Атазаң бойынша Қазақстанда бір ғана мемлекеттік тіл бар. Бұл – қазақ тілі. Орыс тілі ресми тіл мәртебесіне ие. Біздің заңнамаға сәйкес, оның қолданылуын шектеуге болмайды. Болашағын Отанымызбен байланыстыратын әрбір азамат қазақ тілін үйренуге ден қоюға тиіс. Бұл отаншылдықтың басты белгісі деуге болады».
Солтүстік Қазақстан облыс әкімінің әдеп жөніндегі уәкілі С.М.Серікбаев