Меню

Страницы

Статья

БЖЗҚ өзектi сауалдарға жауап бередi

1. Сәлеметсiз бе, бiр ай бұрын мен жеке кәсiпкер атандым және қазiр кеңсе тауарларын сатумен айналысамын. Бұрын үлкен компанияда жұмыс iстедiм және мен үшiн мiндеттi зейнетақы жарналарын төлеп отырған болатын, қазiргi уақытта ол жердегi жұмыстан шығып, тек жеке кәсiпкерлiгiммен ғана айналысып жүрмiн. Осыған байланысты БЖЗҚ-ға қандай сома салуым керек деген сұрақ туындайды.

Жеке практикамен айналысатын адамдардың, жеке кәсiпкерлердiң өз пайдасына Бiрыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына төлеуi тиiс мiндеттi зейнетақы жарналары оның алатын табысының 10 пайызы мөлшерiнде, бiрақ жалақының ең төменгi мөлшерiнiң 10 пайызынан кем емес және жалақының 50 еселенген ең төменгi мөлшерiнiң 10 пайызынан жоғары емес мөлшерде белгiленедi. Естерiңiзге сала кетейiк, 2020 жылы ең төменгi жалақы 42 500 теңгенi құрайды.

Бұл ретте жеке практикамен айналысатын адам, сондай-ақ жеке кәсiпкер өз пайдасына табысты Бiрыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына мiндеттi зейнетақы жарналарын есептеу үшiн дербес айқындайды. Табысы уақытша болмаған жағдайда жеке практикамен айналысатын адамдар, сондай-ақ, жеке кәсiпкерлер Бiрыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына өз пайдасына ең төменгi жалақы мөлшерiнiң 10 пайызы есебiнен мiндеттi зейнетақы жарналарын төлеуге құқылы.

Жеке кәсiпкер бола отырып, сiз жарналарды аудару жөнiндегi агентке айналдыңыз. Агент мiндеттi зейнетақы жарналарын аударуды қолма-қол ақшасыз төлемдер арқылы жүргiзедi. Банктер мен ұйымдарда шоттары жоқ адвокаттар, жеке сот орындаушылары, жеке нотариустар, кәсiби медиаторлар, жеке кәсiпкерлер мiндеттi зейнетақы жарналарын кейiннен БЖЗҚ-ға аудару үшiн банкке қолма-қол ақшамен енгiзедi. Мiндеттi зейнетақы жарналарын қолма-қол ақшамен немесе қолма-қол емес тәсiлмен төлеу банктер арқылы Қазақстан Республикасының «Төлемдер және төлем жүйелерi туралы» Заңында айқындалған тәртiппен жүзеге асырылады.

2. Қайырлы күн! Биылғы жылы қаржылық жағдайымның қиындауына байланысты маған микрокредиттiк ұйымға жүгiнуге және олардан қарыз алуға тура келдi. Қазiр мен оны төлей алмаймын, қаражатым тек күнделiктi қажеттiлiктерiме ғана жетедi. Олар менi сотқа жүгiнемiз деп қорқытуда. Айтыңызшы, менен басқа БЖЗҚ-дан үзiндi көшiрменi кiм ала алады және аударымдарым туралы кiм бiле алады? Алдын-ала алғысымды бiлдiремiн.

ҚР «Қазақстан Республикасында зейнетақымен қамсыздандыру туралы» Заңының 57-бабына сәйкес зейнетақы жинақтарының құпиясы зейнетақы жарналарын жүзеге асыратын салымшыға, алушыға, салымшының (алушының) жазбаша келiсiмi негiзiнде кез келген үшiншi тұлғаға ғана ашылуы мүмкiн. Алайда қажет болған жағдайда жеке зейнетақы шотындағы ақша қалдықтары мен қозғалысы туралы анықтамалар:

1) анықтау және алдын ала тергеу органдарына — олардың жүргiзуiндегi қылмыстық iстер бойынша;

2) соттарға — сот ұйғарымы негiзiнде олардың жүргiзуiндегi iстер бойынша;

3) сот орындаушыларына — сот санкциясы бойынша сот орындаушысының қаулысы негiзiнде олардың жүргiзуiндегi атқарушылық құжаттар бойынша;

4) мемлекеттiк кiрiс органдарына — тексерiлетiн тұлғаның мiндеттi зейнетақы жарналарын, мiндеттi кәсiптiк зейнетақы жарналарын есептеуге, ұстап қалуға (есебiне жазуға) байланысты мәселелер бойынша;

5) прокурорға — оның қарауындағы материал бойынша өз құзыретi шегiнде тексеру жүргiзу туралы қаулы негiзiнде берiлуi мүмкiн.

Бұлардан басқа, мәлiметтер уәкiлеттi органға — салымшының (алушының) өтiнiшiне немесе оның Бiрыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының, ерiктi жинақтаушы зейнетақы қорының қызметiн тексерудi жүзеге асыруына байланысты туындаған мәселе бойынша; қаржы мониторингi жөнiндегi уәкiлеттi органға; салымшының (алушының) өкiлдерiне — нотариат куәландырған сенiмхат немесе сот шешiмi негiзiнде; орталық атқарушы органға; Бiрыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына жыл сайынғы мiндеттi аудит жүргiзетiн аудиторлық ұйымдарға; ХҚКО-ларға салымшының (алушының) өтiнiшi негiзiнде мемлекеттiк қызмет көрсету үшiн берiлуi мүмкiн.

3. Жаңалықтардан болашақта ерлi-зайыптылар үшiн бiрлескен аннуитет жасалуы мүмкiн екенiн естiдiм, осыған байланысты сұрақ туындайды, жұбайлар ажырасқан кезде зейнетақы жинақтары бiрлесiп жинаған мүлiк болып санала ма, жоқ па?

ҚР «Неке (ерлi-зайыптылық) және отбасы туралы» Кодексiне сәйкес ерлi-зайыптылардың некеде тұрған кездерiнде жинаған мүлкi олардың ортақ бiрлескен меншiгi болып табылады; ерлi-зайыптылардың ортақ мүлкiн иелену, пайдалану және билiк ету ерлi-зайыптылардың өзара келiсiмi бойынша жүзеге асырылады. Алайда зейнетақы активтерi заттық құқықтар санатына жатады. Яғни, зейнетақы жинақтарына ие салымшы да оның жұбайы да оларды пайдалана алмайды және билiк те жүргiзе алмайды. Бұл өкiлеттiктер салымшыға зейнетақы жасына толуына немесе заңда көзделген өзге де негiздерге сәйкес зейнетақы жинақтарын алған кезде ғана қолжетiмдi болады. Осылайша «БЖЗҚ» АҚ-дағы және салымшы алмаған зейнетақы жинақтары ерлi-зайыптылардың ортақ меншiгi болып танылмайды.

4. Сәлеметсiз бе, мен қазiргi коронавирус iндетi кезiнде тiптi әйгiлi әлемдiк компаниялардың да шығынға ұшырап жатқанын көрiп отырмын. Сондықтан менiң зейнетақы жинақтарым қаншалықты қорғалған? Ертең жинақ ақшамды жоғалтпайтыныма қандай да бiр кепiлдiк бар ма?

Уайымдауға еш негiз жоқ, өйткенi, қазақстандық жинақтаушы жүйе зейнетақы жинақтарының сақталуын қамтамасыз ететiн бiрегей мемлекеттiк кепiлдiк жүйесiмен ерекшеленедi. Зейнетақы активтерiнiң сақталу кепiлдiгi барлық жинақтардың акционерi Қазақстан Республикасының Үкiметi, ал сенiмгерлiк басқарушысы Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкi болып табылатын БЖЗҚ-ға жинақталуы арқылы да қамтамасыз етiледi.

Бұдан басқа, ҚР «Қазақстан Республикасында зейнетақымен қамсыздандыру туралы» Заңының 5-бабына сәйкес мемлекет алушыларға зейнетақы төлемдерiне құқық алған кездегi инфляция деңгейiн ескере отырып, БЖЗҚ-дағы мiндеттi зейнетақы жарналары мен мiндеттi кәсiптiк зейнетақы жарналарының нақты енгiзiлген жарналар мөлшерiнде сақталуына кепiлдiк бередi. Инфляция деңгейiн ескере отырып, нақты енгiзiлген мiндеттi зейнетақы жарналарының, мiндеттi кәсiптiк зейнетақы жарналарының сомасы мен зейнетақы жинақтарының сомасы арасындағы айырманы есептеу және төлеудi «Азаматтарға арналған үкiмет» мемлекеттiк корпорациясы» КЕ АҚ (мемлекеттiк корпорация) жүзеге асырады. Басқаша айтқанда, Мемлекеттiк корпорация барлық аударылған жарналардың сомасын жинақтаушы зейнетақы жүйесiнде болған бүкiл кезеңдегi инфляция деңгейiмен есептейдi және салымшының жеке зейнетақы шотындағы зейнетақы жинақтарымен салыстырады. Белгiленген күнге зейнетақы жинақтары қалдығының сомасы туралы ақпаратты БЖЗҚ бередi. Егер зейнетақы жинақтарының қалдығы инфляция деңгейiн ескере отырып, жарналардың есептелген сомасынан төмен болса, онда мемлекет бұл айырманы өтейдi. Бұл салымшылардың жинақтары сенiмдi қорғалғанын бiлдiредi және ол қаржы нарығындағы оқиғалардың қалай дамитынына және инвестициялық табыстың қандай жағдайда қалыптасатынына байланысты емес.

5. Жақында мен БЖЗҚ-ға мiндеттi жарналардан басқа ерiктi зейнетақы жарналарының да аударылатынын оқыдым. Олардың артықшылығы неде?

Ерiктi зейнетақы жарналары (ЕЗЖ) — бұл салымшының бастамасы бойынша БЖЗҚ-ға өз пайдасына, не өзге зейнетақы төлемдерiн алушының шотына аударатын ақша. Ерiктi зейнетақы жарналарын жеке тұлғалар да, заңды тұлғалар да жүзеге асыра алады. Тiптi кәмелетке толмағандардың өзi ЕЗЖ туралы шарт жасай алады. Бiрақ мұндай кезде қажеттi құжаттар пакетiн заңды өкiл ұсынуы керек.

ЕЗЖ артықшылықтарының бiрi — салымшы олардың мөлшерi мен кезеңдiлiгiн өз бетiнше анықтай алады. Сонымен қатар, сiздiң жинақтарыңызға мiндеттi зейнетақы жарналарыңыз сияқты активтерiңiздi көбейтуге мүмкiндiк беретiн инвестициялық табыс есептеледi. Ерiктi зейнетақы жарналары есебiнен төлемдердi 50 жастан бастап алуға болатындығын жағымды бонус деп қабылдауға болады.

ЕЗЖ бойынша өз пайдасына жеке зейнетақы шотын enpf.kz сайтындағы «Электрондық сервистер» бөлiмiнде электрондық цифрлық қолтаңба (ЭЦҚ) көмегiмен ашуға болады. БЖЗҚ кеңсесiне жеке куәлiкпен келу керек. Ерiктi зейнетақы жарналарын екiншi деңгейдегi банктер арқылы төлеуге болады. Айтпақшы, олардың кейбiреулерi ерiктi зейнетақы жарналарын ұялы қосымша немесе терминалдар арқылы төлеу қызметiн ұсынады.

Егер салымшы ЕЗЖ туралы шартты өз пайдасына жасаса, онда оның жеке куәлiгi ғана жеткiлiктi. Егер үшiншi тұлғаның пайдасына болса, онда екеуiнiң де жеке басын куәландыратын құжаттар қажет болады. Заңды тұлғалар enpf.kz сайтында көрсетiлген құжаттар тiзбесiн ұсынады.

Айта кетейiк, 2020 жылдың 1 қазанында БЖЗҚ-да ЕЗЖ бойынша 56,5 мыңнан астам жеке зейнетақы шоты ашылды. Оларда 2,14 млрд теңгеден астам қаражат жинақталған.

Дата публикации
11 ноября 2020
Дата обновления
11 ноября 2020
Тип

Сейчас читают

16 октября 2026
Кандидаттардың үгіт материалдарын орналастыруға құқығы бар БАҚ, онлайн-платформалар тізімі
16 октября 2026
БЖЗҚ-дан зейнетақы жинақтарын кесте бойынша төлеу: төлем мөлшері қалай есептеледі және қайда жүгіну қажет?
15 октября 2026
СҚО аудандық және қалалық комиссиялары

Социальные медиа

Меню подвал

ҚР Президентінің жолдаулары
ҚР Президентінің сайты
ҚР Премьер-Министрінің сайты
Цифрлық трансформация тұжырымдамасы
Өмірлік жағдайлар
ҚР Мемлекеттік рәміздері
Терминдер мен қысқартулар
ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметі
Экран дикторы
Жасанды интеллектті дамытудың 2024 – 2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы