Әйелдерді қолдау және отбасы институтын нығайту - қоғамның тұрақты дамуының негізі
Солтүстік Қазақстан облысында әйелдердің құқықтарын қорғау, отбасы институтын нығайту және тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу мәселелеріне ерекше көңіл бөлінуде.
Бұл бағыттағы жұмыс Қазақстан Республикасының 2030 жылға дейінгі Отбасылық және гендерлік саясат тұжырымдамасын іске асыру шеңберінде жүргізіліп, тең мүмкіндіктерді қамтамасыз етуге, ана мен баланы қолдауға, отбасылық құндылықтарды нығайтуға және халықтың өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған.
2024 жылы қабылданған Қазақстан Республикасының Әйелдердің құқықтарын қорғау және балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері жөніндегі Заңы маңызды қадам болды. Аталған заң әйелдер мен балаларға қатысты зорлық-зомбылық үшін жауапкершілікті күшейтіп, жәбірленушілерді қорғау тетіктерін кеңейтті және профилактикалық жұмыстың тиімділігін арттырды.
Өңірдегі жұмысты үйлестіруді облыс әкімдігі жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссия жүзеге асырады. Комиссия қызметінің негізгі бағыттары - әйелдер мен балалардың құқықтарын қорғау, отбасылық саясатты дамыту, гендерлік теңдікті қамтамасыз ету және қоғамдық бастамаларды қолдау.
Мемлекеттік саясатты іске асыруда мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс маңызды рөл атқарады. Биыл облыста әйелдердің құқықтық және қаржылық сауаттылығын арттыруға, әйелдер кәсіпкерлігін дамытуға, отбасылық қолайсыздықтың алдын алуға және отбасы құндылықтарын нығайтуға бағытталған 16 әлеуметтік жоба жүзеге асырылуда.
Көпбалалы аналарды, ауылдық жерлерде тұратын әйелдерді және қиын өмірлік жағдайға тап болған отбасыларды қолдауға ерекше назар аударылады. Олар үшін оқыту семинарлары, мамандардың консультациялары, психологиялық тренингтер және ақпараттық-түсіндіру іс-шаралары өткізіледі.
Қоғамдық жұмыстарға Қазақстан халқы Ассамблеясының Аналар кеңесі белсенді қатысады. Кеңес мүшелері жастармен кездесулер өткізіп, диалог алаңдарын ұйымдастырады және дәстүрлі отбасылық құндылықтарды нығайтуға, жауапты ата-аналық мәдениетті қалыптастыруға және бала тәрбиесіндегі отбасының рөлін арттыруға бағытталған іс-шараларды жүзеге асырады.
Ақпараттық-түсіндіру жұмыстарының маңызы зор. Бұқаралық ақпарат құралдары мен әлеуметтік желілер арқылы тұрғындар мемлекеттік қолдау шаралары, әйелдердің құқықтары, тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу және психологиялық, әлеуметтік әрі құқықтық көмек алу мүмкіндіктері туралы тұрақты түрде хабардар етіледі.
Отбасы институтын нығайту, әйелдер мен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, қоғамның құқықтық мәдениетін арттыру мемлекеттік саясаттың маңызды міндеттері болып қала береді. Осы бағыттардағы жүйелі жұмыс қоғамдық тұрақтылықты сақтауға, отбасылық құндылықтарды нығайтуға және өңір тұрғындарының әл-ауқатын арттыруға ықпал етеді.