Меню

Страницы

Статья

Солтүстік Қазақстан облыстық референдум комиссиясының Хабарламасы

ОРК: референдум комиссиялары республикалық референдумды өткізуге толығымен дайын

2026 жылғы 15 наурызға тағайындалған республикалық референдумға дайындық аясында 2026 жылғы 13 наурызда Қазақстан Республикасы Орталық референдум комиссиясының отырысы өтті.

Отырысқа Орталық референдум комиссиясының мүшелері, мәдениет және ақпарат, жасанды интеллект және цифрлық даму вице-министрлері қатысты.

Қатысушылар арасында Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы (ТМД) атынан Байқаушылар Миссиясы, сондай-ақ Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының (ЕҚЫҰ) Демократиялық институттар және адам құқықтары бюросының Референдумды бағалау миссиясының, Шанхай ынтымақтастық ұйымы (ШЫҰ) Байқаушылар миссиясының өкілдері де болды.

Талқылауға бейне-конференциялық байланыс режимінде облыстардың, Астана, Алматы және Шымкент қалаларының аумақтық комиссияларының төрағалары мен мүшелері, сондай-ақ ақ 20 өңірдің әкімдіктерінің аппарат басшылары қосылды.

Отырыс ОРК ресми интернет-ресурсында және YouTube платформасында сурдоаудармамен көрсетілді. 

Отырыс барысында күн тәртібіне енгізілген келесі мәселелер қаралды:

1. 2026 жылғы 15 наурызға тағайындалған республикалық референдумда дауыс беру күніне учаскелердің дайындығы туралы;

2. 2026 жылғы 15 наурызға тағайындалған республикалық референдумды ұйымдастыру мен өткізу барысында келіп түскен жеке және заңды тұлғалардың өтініштерін қарау туралы.

Отырыс басталар алдында Орталық референдум комиссиясының төрағасы Нұрлан Әбдіров қажетті ұйымдастырушылық іс-шаралар жүргізілгенін, комиссиялардың қызметіне әдістемелік қолдау көрсетілгенін, сондай-ақ дауыс беру рәсімдерін қолдану мен референдум туралы заңнама талаптарын сақтауда бірыңғай тәсіл қалыптастырылғанын атап өтті.

Дайындық барысында комиссия мүшелерін оқытуға ерекше назар аударылды. Ел бойынша 5800-ден астам оқыту семинары өткізіліп, оған әртүрлі деңгейдегі комиссиялардың 71 мыңнан астам мүшесі қамтылды. Сонымен қатар, өңірлерде 170-тен астам тақырыптық семинар ұйымдастырылып, оған референдум процесіне қатысатын шамамен 3800 өкіл қатысты.

Сонымен қатар референдумды байқау үшін барлық жағдайлар қамтамасыз етілді. Бүгінгі күнге 256 қоғамдық бірлестіктер мен коммерциялық емес ұйымдар аккредиттелді: оның ішінде 11 - Орталық референдум комиссиясы арқылы, ал 245-ін аумақтық комиссиялар аккредиттеген. Олардың өкілдері референдум өтетін күні дауыс беру рәсімін байқау үшін қатыса алады.

Орталық референдум комиссиясының мүшесі Ләззат Сүйіндік үгітке қатысты заңнама талаптарын қатаң сақтау қажеттігіне назар аударды.

Оның айтуынша, «Республикалық референдум туралы» Конституциялық заңның 7-бабының 4-тармағына сәйкес референдумның қарсаңындағы күн мен референдум өткiзiлетiн күнi үгiт жүргiзуге тыйым салынады.

Бүгін сағат 00.00-де үгіт кезеңі аяқталады. Осы сәттен бастап «тыныштық күні» басталады. Бұл дегеніміз, 14 наурызда және дауыс беру күні - 15 наурызда кез келген үгітке тыйым салынғанын білдіреді.

Сондай-ақ бұқаралық ақпарат құралдарында және онлайн-платформаларда қоғамдық пікірге сауал салу нәтижелерін, референдум қорытындыларына қатысты болжамдарды және өзге де зерттеулерді жариялауға дауыс беру күніне дейінгі бес күн ішінде және дауыс беру күні жол берілмейтіні атап өтілді.

Сонымен қатар, дауыс беру үй-жайларынан тыс жерлерде бұрын орналастырылған баспа үгіт материалдары мен плакаттар бұрынғы орындарында сақталуы мүмкін.

Дауыс беру үй-жайларында сауал жүргізуге тыйым салынады. Олар тек референдум учаскелерінің шыға берісінде және Орталық референдум комиссиясын алдын ала хабардар еткен заңды тұлғалар тарапынан ғана жүргізілуі мүмкін.

Аталған талаптарды бұзу заңнамаға сәйкес әкімшілік жауапкершілікке әкеп соғады.

Бірінші мәселені қарау барысында бойынша өңірлердегі, сондай-ақ Астана, Алматы және Шымкент қалаларының аумақтық референдум комиссия төрағалары дауыс беру күніне дайындықты қамтамасыз етуге бағытталған ұйымдастырушылық және рәсімдік іс-шараларды жүзеге асыру барысы туралы есеп берді.

Күнтізбелік жоспарға сәйкес дауыс беру үшін белгіленген мөлшердегі бюллетеньдер учаскелік комиссияларға жеткізіліп, ішкі істер органдарының күзетімен қамтамасыз етілген. Учаскелер қажетті ақпараттық материалдармен жабдықталған, стендтерде заңнамада көзделген мәліметтер орналастырылған, соның ішінде жаңа Конституция жобасының мәтіні мемлекеттік және орыс тілдерінде, сондай-ақ учаскедегі тәртіп ережелері орналастырылған. Сонымен қатар, мүгедектігі бар азаматтардың дауыс беруге қатысуына жағдай жасалған.

Баяндама жасаушылардың мәліметі бойынша дауыс беру күні учаскелерде екі онлайн-қызмет қолжетімді болады: референдум қатысушыларының деректерін тексеруге, екіншісі дауыс беру күні тіркеуді жүргізуге арналған.

Сонымен қатар, азаматтарға дауыс беру құқығын беретін есептен шығару куәліктері туралы ақпарат ұсынылды; бұл процесс 14 наурызда сағат 18:00-де аяқталады. Сондай-ақ, азаматтардан келіп түскен өтініштер қаралды. Барлық шағымдар мен өтініштер заңда белгіленген тәртіппен қаралып, өтініш білдірген тұлғаларға қажетті түсіндірмелер берілді. 

Сонымен қатар, дауыс беру күні учаскелердің жұмысын тиісінше қамтамасыз ету, оның ішінде ауа райы жағдайларын ескеру шаралары қабылданды. 

Күн тәртібіндегі екінші мәселе бойынша республикалық референдумға дайындық және оны өткізу кезеңінде азаматтар мен ұйымдардың өтініштерінің қаралу барысы туралы Орталық референдум комиссиясының мүшесі Әсел Жанәбілова хабарлады.

Оның айтуынша, өтініштермен жұмыс республикалық референдум және сайлау туралы конституциялық заңдарға және Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексіне сәйкес жүргізіледі.

Референдум өткізу туралы жарлық жарияланған уақыттан бері Орталық рефрендум комиссиясына 228 арыз-шағым түсті (200 - жеке тұлғалардан, 28 - заңды тұлғалардан). Өтініштердің негізгі бөлігі референдум туралы заңнаманы түсіндіруге және референдумның мәніне қатысты мәселелерге байланысты.

Өтініштердің жартысынан астамы, яғни 52%-ы референдум туралы заңнаманы түсіндіруге қатысты болса, 20%-ы референдумның мәні, ал тағы 5%-ы қоғамдық пікірге сауал салу мәселелерін қамтиды. Әрбір өтініш бойынша уақытылы қарау қамтамасыз етіліп, қолданыстағы заңнама нормаларына сілтеме жасай отырып жан-жақты жауаптар берілуде.

Қорытындылай келе, Әсел Жанәбілова комиссиялардың жауаптарына қатысты шағым түспегенін және референдумды дайындау мен өткізу мәселелері бойынша сотқа берілген талап-арыздардың жоқ екенін атап өтті.

Қазақстан Республикасы Жасанды интеллект және цифрлық даму бірінші вице-министрі Ростислав Коняшкин Орталық референдум комиссиясының отырысында азаматтар үшін өздерінің дауыс беру учаскесі туралы ақпарат алуға, сондай-ақ тіркеуге қатысты мәселелерді шешуге мүмкіндік беретін бірнеше цифрлық сервистің жұмыс істеп тұрғанын хабарлады.

«Азаматтардың қолайлылығы үшін бірнеше цифрлық сервис іске қосылды. Олар сайлаушыларға өздерінің дауыс беру учаскесін жылдам анықтауға, қажет болған жағдайда тіркеу туралы мәліметтерді тексеруге немесе сайлаушылар тізіміне енгізу мәселесін шешуге мүмкіндік береді», - деп атап өтті Ростислав Коняшкин.

Мәселен, мемлекеттік органдардың бірыңғай порталында  үкіметтік платформасы базасында «ЖСН арқылы дауыс беру учаскесін іздеу» сервисі іске қосылды. Оның көмегімен сайлаушылар өздерінің дауыс беру учаскесінің нөмірін, орналасқан жерін және мекенжайын анықтай алады. Бұл сервис азаматтар үшін 2026 жылғы 27 ақпаннан бастап қолжетімді.

Сонымен қатар, «электрондық үкімет» порталында 2026 жылғы 3 наурыздан бастап азаматтардың тіркелген жері туралы мәліметтерді тексеру сервисі жұмыс істейді. eGov порталына қолжетімділігі бар учаскелік референдум комиссияларының мүшелері сайлаушының жазбаша өтініші негізінде оның тұрақты тіркеуі туралы мәліметтерді алып, дауыс берушілер тізіміне енгізу мәселесін шешу үшін пайдалана алады.

Сонымен қатар, 2026 жылғы 28 ақпаннан бастап «электрондық үкімет» порталында азаматтарды дауыс беру учаскелерінің мекенжайлары бойынша уақытша тіркеу сервисі қолжетімді болды. Бұл сервис өзінің тұрғылықты мекенжайынан шығарылған және бұрын дауыс берушілер тізіміне енгізілмеген азаматтарға арналған. Дауыс беру күні олар үшін дауыс беру учаскесінің мекенжайы бойынша тікелей уақытша тіркеу мүмкіндігі қарастырылған, бұл олардың сайлау құқығын жүзеге асыруға мүмкіндік береді.

«15 наурызда дауыс беру күнін жоғары деңгейде ұйымдастыру маңызды. Комиссияға республикалық референдумды өткізуге жауапты миссия жүктелген. Барлық халықтық дауыс беру рәсімдерінің ашықтығы мен жариялылығын қамтамасыз ету, әрбір азаматтың конституциялық құқықтарын толық жүзеге асыра алуына жағдай жасау қажет. Сондай-ақ процесті ұйымдастырушылар мен қатысушылар үшін негізгі талап заңдылықты қатаң сақтау болып қала бермек», - деп атап өтті Орталық референдум комиссиясының төрағасы Нұрлан Әбдіров.

Отырыстан кейін ОРК мүшелері мен басқа қатысушылар дәстүрлі баспасөз брифингінде журналистерге барлық мәселелер бойынша түсініктеме берді.

 

Орталық референдум комиссиясының отырысы: халықаралық байқаушылар мен өңірлердің дауыс беруге  дайындығы

2026 жылғы 10 наурызда республикалық референдумды әзірлеу және өткізу жөніндегі науқан аясында Қазақстан Республикасы Орталық референдум комиссиясының отырысы өтті.

Отырысқа Орталық референдум комиссиясының мүшелері, сыртқы істер, мәдениет және ақпарат, жасанды интеллект және цифрлық даму министрлерінің орынбасарлары, сонымен қатар ТМД миссиясының байқаушылары, ЕҚЫҰ Демократиялық институттар және адам құқықтары жөніндегі бюросының референдумды бағалау миссиясының өкілдері қатысты. Бейне-конференциялық байланыс режимінде облыстардың, Астана, Алматы және Шымкент қалаларының аумақтық комиссияларының төрағалары мен мүшелері қосылды.

Отырыс трансляциясы комиссияның интернет-ресурсында және YouTube платформасында сурдоаудармамен қамтамасыз етіле отырып жүргізілді.

Күн тәртібіне сәйкес келесі мәселелер қаралды:

1) 2026 жылғы 15 наурызға тағайындалған республикалық референдумға шет мемлекеттер мен халықаралық ұйымдардың байқаушыларын аккредиттеу қорытындылары туралы.

2) 2026 жылғы 15 наурызға тағайындалған республикалық референдумда дауыс беру күніне дайындық барысы туралы.

Негізгі мәселелерді қарастырмас бұрын ОРК Төрағасы Нұрлан Әбдіров жұмыс сапарлары барысында 20 өңірде референдум учаскелері, олардың материалдық-техникалық жабдықталуы, комиссия мүшелерін оқытуды ұйымдастыру, халықты ақпараттандыру, есептен шығару туралы куәліктерін беру, сондай-ақ азаматтарды референдумға қатысушылардың тізімдерімен таныстыру жөніндегі жұмыстар тексерілгенін, жергілікті атқарушы және құқық қорғау органдарымен жиналыстардың өткізілгенін атап өтті.

Референдумға қатысушылардың тізімдерін қалыптастыру «Республикалық референдум туралы» Конституциялық заңының 25-бабына және «Сайлау туралы» Конституциялық заңының 24-бабына сәйкес жүзеге асырылады. Тұрғылықты жері бойынша тізімдерді тиісті жергілікті атқарушы органдар жеке тұлғалар туралы мемлекеттік деректер базасының негізінде жасайды.

Әрбір учаске бойынша тізімдер учаскені құру туралы шешім қабылдаған әкімнің қолы қойылып, дауыс беру басталғанға дейін жиырма күн бұрын учаскелік комиссияға акт бойынша ұсынылады.

Облыстар, Астана, Алматы және Шымкент қалалары әкімдіктерінің мәліметтеріне сәйкес, 2026 жылғы 22 ақпандағы жағдай бойынша республика бойынша тізімге 12 461 796 азамат енгізілген.

2026 жылғы 27 ақпаннан бастап референдумға қатысушылардың тізімдері учаскелерде және онлайн форматта танысу үшін қолжетімді. Азаматтардың түзетулер мен нақтылаулар енгізу туралы өтініштері келіп түскен күні қаралады. Инспекциялық сапарлар кезінде учаскелердің дайындық деңгейі және заңнама талаптарына сәйкес мүгедектігі бар адамдар үшін қолжетімділіктің қамтамасыз етілуіне ерекше назар аударылды.

Нақтылағанда, учаскелерде арнайы бұрыштар жасақталған: олар компьютерлер, лупалар, қосымша жарықтандыру, дауыс беру бюллетеніне арналған Брайль қарпімен трафареттер, сондай-ақ Конституция жобасының мемлекеттік және орыс тілдеріндегі аудио нұсқасымен жабдықталған. Сонымен қатар, ғимараттар пандустармен, кіреберісте тактильдік көрсеткіштермен және ішкі навигациямен қамтамасыз етілген.

Мұндай жабдықтары қарастырылмаған нысандарда жергілікті атқарушы органдар уақытша пандустар мен тактильдік көрсеткіштер орнатуды қамтамасыз етеді. Сонымен қатар, дауыс беру күні инватакси және сурдоаудармашылардың қызметтері қарастырылады.

Елдің үш өңірінде - Ақтөбе, Қостанай және Павлодар облыстарында  пилоттық жобаны жүзеге асыру аясында мүгедектігі бар дауыс берушілер үшін инновациялық шешімдер енгізілген бір учаскеден жұмыс істейтін болады.

ОРК отырысының бірінші мәселесі бойынша комиссия төрағасының орынбасары Мұхтар Ерман сөз сөйледі. Ол өз сөзінде Қазақстан Республикасы халықаралық байқау институтының ашықтығын қамтамасыз ету жөніндегі халықаралық міндеттемелерді жүйелі түрде орындап келе жатқанын атап өтті. Шетелдік байқаушылардың қатысуы референдумды ұйымдастырудың беделін арттыруға және азаматтардың дауыс беру процесіне деген сенімін нығайтуға ықпал етеді.

Байқаушылардың қатысуының құқықтық негіздері заңнамада бекітілген. Атап айтқанда, «Республикалық референдум туралы» Конституциялық заңның 6-бабының 4-тармағына сәйкес референдум өткізу кезінде шет мемлекеттер мен халықаралық ұйымдардан аккредиттелген байқаушылар қатыса алады. Оларды аккредиттеу тәртібі, сондай-ақ құқықтары мен міндеттері «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Конституциялық заңымен және өзге де заңнама нормаларымен айқындалады.

Белгіленген рәсімге сәйкес шетелдік байқаушылардың қатысуы Қазақстан Республикасы Орталық референдум комиссиясының Төрағасы мен Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрінің шақыруы бойынша жүзеге асырылады. Бұл ретте олардың аккредиттелуін Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің ұсынуы бойынша Орталық референдум комиссиясы жүргізеді.

Осыған байланысты 2026 жылғы 12 ақпанда халықаралық байқау институтын ашу туралы шешім қабылданып, содан кейін аккредиттеу басталды. Аталған рәсім 2026 жылғы 9 наурызда сағат 18:00-де аяқталды.

Аккредиттеу қорытындысы бойынша байқауға 38 шет мемлекеттің және 11 халықаралық ұйымның 359 өкілі қатысады. Олардың қатарында ТМД-ның байқаушылар миссиясы, ТМД Парламентаралық ассамблеясының байқаушылар тобы, ЕҚЫҰ-ның Демократиялық институттар және адам құқықтары жөніндегі бюросының (ДИАҚБ) миссиясы, Шанхай ынтымақтастық ұйымының (ШЫҰ) байқаушылар миссиясы, Түркі мемлекеттері ұйымының (ТМҰ) халықаралық байқау миссиясы, Түркі мемлекеттері Парламенттік ассамблеясының (ТҮРКПА) байқау миссиясы, Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымы (ҰҚШҰ) Парламенттік ассамблеясының халықаралық байқау тобы, Ислам ынтымақтастығы ұйымының (ИЫҰ) байқаушылар делегациясы, сондай-ақ Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңестің (АӨСШК), Ислам азық-түлік қауіпсіздігі ұйымының және Түркі академиясының өкілдері бар.

Екінші мәселені талқылау барысында облыстардың, Астана, Алматы және Шымкент қалаларының референдум комиссияларының төрағаларының өңірлердегі дайындық барысы туралы есептері тыңдалды.

Олар бюллетеньдерді учаскелерге жеткізу жоспарлары, есептен шығару куәліктерін беру, ақпараттық және әдістемелік материалдардың болуы, учаскелерді жарақтандыру, мүгедектігі бар адамдардың құқықтарын іске асыру үшін жағдай жасау, комиссия мүшелерін оқыту, сондай-ақ азаматтардың өтініштері мен шағымдарын қарау және халықты ақпараттандыру жөніндегі жұмыстар туралы баяндады.

Аумақтық комиссиялардың өкілдері азаматтарға қолайлы болу үшін Мемлекеттік органдардың интернет-ресурстарының бірыңғай платформасында дауыс беру учаскесін іздеу сервисі іске қосылғанын, сондай-ақ мобильді банктік қосымшалар арқылы PUSH-хабарламалар тарату ұйымдастырылғанын айтты.

Сонымен қатар референдумға қатысушыларға кеңес беру үшін Call-орталықтар жұмыс істейді.

Ұялы байланыс абоненттеріне SMS-хабарламаларды орталықтандырылған түрде жіберу жүргізілуде. Учаскелік комиссиялардың мүшелері үй-үйді аралап, азаматтарға референдум туралы мәліметтерді қамтитын QR-коды бар дербес шақыру билеттерін табыстауда.

Дауыс беру сайлау күнi жергiлiктi уақытпен сағат жетiден жиырмаға дейiн өткiзiледi. Аумақтық референдум комиссиялары тиiстi әкiмнiң, учаскелiк комиссияларының ұсынысы бойынша дауыс берудi бастайтын және аяқтайтын басқа уақыт белгiлеуге хақылы. Бұл орайда дауыс берудi сағат алтыдан ерте бастап, сағат жиырма екiден кеш аяқтауға болмайды.

12 ақпаннан бастап Орталық және аумақтық референдум комиссиялары ұйымдастырушылық іс-шаралар кешенін жүргізіп жатқаны атап өтілді.

Өңірлердегі инфрақұрылымды тексерумен қатар учаскелік референдум комиссиялары мүшелерінің дайындық деңгейі де бағаланды. Референдумды ұйымдастырушыларды оқыту үш кезеңде жүргізіледі.

Бірінші кезеңде Орталық референдум комиссиясы аумақтық комиссиялардың тұрақты мүшелері үшін республикалық онлайн-семинар өткізді, оған 821 адам қатысты.

Екінші кезеңде өңірлерде 908 аумақтық комиссия мүшелері, сондай-ақ 31 233 учаске комиссиясының төрағалары, төраға орынбасарлары және хатшылары оқытылды. Көшпелі оқыту семинарлары 24 ақпан - 9 наурыз аралығында өтті.

Қазіргі уақытта үшінші кезең жүзеге асырылуда: дайындықтан өткен учаске комиссияларының басшылары аумақтық комиссиялардың көмегімен қалған 38 068 учаскелік комиссия мүшелерін оқытуда. Дайындауды аяқтау 13 наурызға дейін жоспарланған.

Референдум ұйымдастырушыларын оқытумен қоса ашықтық пен жариялылықты қамтамасыз ету мақсатында Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының Электоралдық оқыту орталығы алаңында аккредиттелген қоғамдық бірлестіктер, коммерциялық емес ұйымдар және БАҚ өкілдері үшін арнайы онлайн-семинар өткізілді. Оған 500-ден астам адам қатысты.

Қоғамдық бірлестіктерді, коммерциялық емес ұйымдарды аккредитациялау жұмысы жалғасуда.

Сонымен қатар, жеті заңды тұлға референдумға байланысты қоғамдық пікірге сауал салу жүргізетіні туралы Орталық референдум комиссиясын хабардар етті. Заңнамаға сәйкес, дауыс беруге бес күн қалғанда және дауыс беру күні сауал салу нәтижелері, болжамдар және басқа да зерттеулерді жариялауға тыйым салынады. Осыған байланысты, 9 наурыз олардың жариялануының соңғы күні болды; бүгіннен бастап олардың таралуы мен қайта басылуына жол берілмейді.

Отырысты қорытындылай келе, Орталық референдум комиссиясының Төрағасы барлық деңгейдегі аумақтық комиссияларға  15 наурыздағы дауыс беру күнін жоғары деңгейде ұйымдастырудың, сондай-ақ электоралдық рәсімдердің жариялы әрі ашық болуын қамтамасыз етудің маңыздылығын атап өтті. Референдум ұйымдастырушылары мен қатысушыларына қойылатын негізгі талап - заңнаманы қатаң сақтау.

Отырыс аяқталғаннан кейін комиссия мүшелері мен басқа да қатысушылар БАҚ үшін дәстүрлі брифингке қатысып, журналистерге  барлық сұрақтар бойынша түсіндірмелер берілді.

 

Референдумға дайындық: ОРК дауыс беруді ұйымдастырудың негізгі мәселелерін қарастырды

Ағымдағы жылдың 23 ақпанында 2026 жылғы 15 наурызға тағайындалған республикалық референдум өткізу жөніндегі науқан шеңберінде ҚР Орталық референдум комиссиясының отырысы өтті. Комиссия отырысында келесі мәселелер қаралды:

1. Республикалық референдумды өткізу кезінде мүгедектігі бар адамдар үшін жағдайларды қамтамасыз ету туралы;

2. Жергілікті атқарушы органдардың дауыс беруге арналған учаскелерді материалдық-техникалық жарақтандыру, мүгедектігі бар адамдардың құқықтарын қамтамасыз ету үшін жағдайлар жасау, республикалық референдумға қатысуға құқығы бар азаматтардың тізімдерін референдум комиссияларына ұсыну бойынша жүргізген жұмысы туралы;

3. Республикалық референдумда дауыс беру тәртібі туралы (оның ішінде есептен шығару куәлігі, онлайн-сервистер);

4. Республикалық референдумды өткізу кезінде дауыс беруге арналған бюллетеньдерді дайындау туралы;

5. Республикалық референдумға шет мемлекеттер мен халықаралық ұйымдардың байқаушыларын аккредиттеу туралы.

Отырысқа Орталық референдум комиссиясының мүшелері, сыртқы істер, жасанды интеллект және цифрлық даму, ішкі істер министрлігі, сондай-ақ  бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.

Бейне-конференциялық байланыс арқылы облыстар, Астана, Алматы және Шымкент қалалары аумақтық референдум комиссияларының төрағалары мен мүшелері, әкімі аппараттарының басшылары қатысты.

Жиын ОРК интернет-ресурсы мен Youtube арнасы арқылы сурдоаудармамен қамтамасыз ете отырып, онлайн форматта көрсетілді.

Күн тәртібіндегі бірінші мәселе бойынша ОРК мүшесі Ләззат Сүйіндік баяндады.

Ол: «Мүгедектігі бар адамдардың сайлау құқықтарын қамтамасыз ету - сөзсіз басымдық болып табылады. Қолжетімділік шараларын жүзеге асыру бақылауда, соның ішінде үкіметтік емес ұйымдардың қатысуымен сайлау учаскелерін мониторингтеу, комиссия мүшелерін оқыту және мүгедектігі бар адамдардың дауыс беруі үшін жаңа технологиялық шешімдерді сынақтан өткізу жұмыстары жүргізілуде», - деп хабарлады.

19 ақпанда ОСК жанындағы мүгедектігі бар адамдардың сайлау құқықтарын қамтамасыз ету жөніндегі жұмысшы тобының кеңейтілген отырысында Брайль қарпін пайдалана отырып, дауыс беру үшін бюллетенді өз бетінше толтыруға арналған трафареттің алдын ала нұсқасы және дауыс беруге арналған барлық учаскелерде Конституция жобасының мәтінін мемлекеттік және орыс тілдерінде аудиодыбыстау таныстырылды.

Орталық референдум комиссиясының Төрағасы Нұрлан Әбдіров «барлық дауыс беру учаскелерінде Конституция жобасының мәтінін аудио сүйемелдеумен орналастыру - мүгедектігі бар адамдар үшін қолжетімділікті қамтамасыз етуге бағытталған жаңа тәсіл болып табылады», - деп атап өтті. 

Аталған мәселе бойынша Президент жанындағы Халықтың әлеуметтік осал топтарының құқықтары жөніндегі уәкіл, Парламент Мәжілісінің депутаты Кенжеғұл Сейтжан қолжетімділік мәселелері Жұмыс тобының алаңында жан-жақты талқыланғанын, сондай-ақ айтылған барлық ескертулер мен ұсынымдар комиссия тарапынан ескерілгенін атап өтті. Сонымен қатар, трафареттің бірнеше рет сараптамадан өткенін, қойылған талаптарға сәйкес жетілдірілгенін және белгіленген нормаларға сай келетіндігі туралы пікір білдірді.

Екінші мәселе бойынша облыстардың, Астана, Алматы және Шымкент қалалары әкімі аппараттарының басшылары өңірлерде комиссияның 12 ақпандағы қаулысына сәйкес учаскелердің материалдық-техникалық жарақтандырылуының қамтамасыз етілгенін, мүгедектігі бар адамдар үшін қолжетімділік жағдайлары жасалғанын, сондай-ақ референдумға қатысуға құқығы бар азаматтардың тізімдері жасақталып, комиссияларға тапсырылғанын атап өтті.

Сондай-ақ өңір өкілдері call-орталықтар мен Telegram-боттардың жұмысы туралы, басқа өңірлерден келген студенттердің, вахталық әдіспен жұмыс істейтін азаматтардың және агломерацияларда тұратын тұрғындардың қатысуын қамтамасыз ету шаралары жөнінде баяндады.

Бұдан бөлек, инватакси қызметін ұйымдастыру және сурдоаударма қызметін көрсету мәселелері туралы да ақпарат берілді.

Үшінші мәселе бойынша Орталық референдум комиссиясының мүшесі Азамат Айманакумов республикалық референдумда дауыс беруді ұйымдастыру және өткізу тәртібін реттейтін заңнаманың негізгі нормаларын түсіндірді. Оның айтуынша, дауыс беру 10 411 референдум учаскесінде өтеді.

Сонымен қатар Сыртқы істер министрлігінің Ерекше тапсырмалар жөніндегі елшісі Ерлан Әлімбаевтың ақпаратына сәйкес шетелде дауыс беру Қазақстан Республикасы өкілдіктері жанындағы 62 шет мемлекеттегі 80 учаскеде жүзеге асырылады.

Азамат Айманакумов өз сөзінде азаматтарды ақпараттандыру мәселелеріне тоқталып, учаскелік комиссиялар референдумға дейін он күннен кешіктірмей дауыс беру күні, уақыты, орны және тәртібі туралы мәліметтерді жеткізетінін атап өтті.

Өңірлерде қазірдің өзінде әр түрлі форматтарды пайдалана отырып ақпараттық жұмыстары жүргізілуде.

«Азаматтарды жеке ақпараттандыру үшін үй-үйді аралау және алдыңғы электоралдық науқандарда сынақтан өткен сәтті тәжірибе - QR-коды бар дербес шақыру қағаздарын тарату көзделген», - деп атап өтті Нұрлан Әбдіров.

Сонымен қатар дауыс беру құқығын беретін есептен шығару куәліктері бойынша дауыс беру тетігі қаралды: тіркелген жерінен тыс жерде болатын азаматтар сайлаушылар тізімдері жалпыға бірдей танысу үшін ұсынылған сәттен бастап және дауыс беру күніне дейінгі күнгі сағат 18:00-ге дейін жеке басын куәландыратын құжатты ұсына отырып, жазбаша өтініш негізінде мұндай куәлікті алуға құқылы.

Үшінші мәселе аясында күн тәртібінде сондай-ақ референдум күні тіркелген жердегі учаскеде, азаматтың жазбаша өтініші бойынша учаскеден тыс, уақытша тұратын жерлерде және шетелде дауыс беру процедуралары қаралды.

Үшінші мәселе аясын жалғастыра отырып, Орталық референдум комиссиясы төрағасының орынбасары Мұхтар Ерман жасанды интеллект және цифрлық даму, ішкі істер министрліктерімен бірге екі онлайн-қызмет іске қосылып жатқанын хабарлады - «Электрондық үкімет» порталында тіркелу орны туралы ақпаратты тексеру қызметі және азаматтарды дауыс беру учаскелерінің мекенжайлары бойынша тіркеу қызметі. Бұл шешімдер ақпаратқа қолжетімділікті қамтамасыз етуге және азаматтардың сайлау құқықтарын іске асыруға бағытталған.

«Қызмет азаматтардың жазбаша өтініші негізінде учаскелік комиссияларға eGov арқылы оның тіркелген мекенжайын растап, сайлаушылар тізіміне енгізуге мүмкіндік береді. Бұл қызмет 5 066 учаскеде қолжетімді болады, ал дауыс беру күні уақытша тіркелу мүмкіндігі 220 учаскеде қарастырылған», - деп түйіндеді Мұхтар Ерман.

Жасанды интеллект және цифрлық даму вице-министрі Ростислав Коняшкин «Жиі қойылатын сұрақтар» бөлімін орналастыру жоспарланып отырғанын хабарлады. Ол азаматтарды хабардар ету мәселесі қарастырылғанын айтып, ақпараттандыру SMS-хабарламалар, eGov Mobile қосымшасындағы push-хабарламалар, екінші деңгейлі банктердің мобильді қосымшалары арқылы, сондай-ақ мемлекеттік органдардың интернет ресурстардың бірыңғай порталы мен eGov порталында ақпараттық материалдар мен баннерлерді орналастыру арқылы жүзеге асырылатынын түсіндірді.

Күн тәртібіндегі төртінші мәселе бойынша ОРК мүшесі Михаил Бортник хабарлама жасап, республикалық референдумда дауыс беруге арналған бюллетень туралы баяндады.

Ол «Республикалық референдум туралы» Конституциялық заңға сәйкес Орталық референдум комиссиясы дауыс беруге арналған бюллетеньдердiң нысандары мен мәтiндерiн, жасау тәртiбiн белгiлейтіндігіне тоқталды.

Осыған орай бюллетень жобасы дайындалып, оған референдумға қойылатын «Жобасы бұқаралық ақпарат құралдарында 2026 жылғы 12 ақпанда жарияланған Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясын қабылдайсыз ба?» деген сұрақ енгізілген.

Бюллетень жобасында «ИӘ, қабылдаймын» және «ЖОҚ, қабылдамаймын» деген жауап нұсқалары қарастырылған, сондай-ақ қорғау дәрежесіне қойылатын талаптар анықталып, полиграфиялық қорғау элементтерін қолдану көзделген.

Облыстардың, Астана, Алматы, Шымкент қалалары әкімдіктері өкілдерінің есептері мен ақпаратына сәйкес, республикалық тізімдерге жергілікті атқарушы органдар арқылы 12 461 796 азамат енгізілген. «Республикалық референдум туралы» Конституциялық заңға сәйкес дауыс беруге арналған бюллетеньдер учаскелік референдум комиссияларына дауыс беруге дейін ерте дегенде үш күн бұрын және кемінде бір күн бұрын учаскедегі сайлаушылардың жалпы санының бір пайызы резервімен жеткізіледі. Сол себепті бюллетеньдер 12 586 413 дана көлемінде дайындалуы тиіс.

Бесінші сұрақ бойынша ОРК төрағасының орынбасары Мұхтар Ерман ҚР Сыртқы істер министрлігі халықаралық ұйымдарға референдумды халықаралық байқауға қатысу үшін шақыру жібергенін, ал Орталық референдум комиссиясы екіжақты негізде 30-дан астам мемлекеттің орталық сайлау органдарына да шақыру жолдағанын атап өтті.

«Қазіргі уақытта аккредитация үшін 3 халықаралық ұйым мен 5 мемлекеттен 21 байқаушының кандидатуралары ұсынылды: Әзербайжан Республикасынан - 2 байқаушы (оның ішінде Әзербайжан Республикасы Орталық сайлау комиссиясының Төрағасы Панахов Мазаир Магомед оглы),  Қырғыз Республикасынан - 2 байқаушы, Палестина мемлекетінен – 1 кандидатура (Палестинаның Қазақстандағы Елшісі Монтасер Абу Зейд мырза), Тәжікстан Республикасынан - 1 кандидатура (Тәжікстан Республикасының Қазақстандағы Елшісі Хайрулло Ибодзода мырза),  Таиланд Корольдігінен - 1 байқаушы. Сондай-ақ Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы байқаушылар Миссиясынан - 7 кандидатура. Аталған миссияның өкілдері өз жұмыстарын ертең бастайды. Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңесінен  6 байқаушы (оның ішінде аталған ұйымының Бас хатшысы Қайрат Сарыбай), Түрік Академиясынан - 1 кандидатура», - деп хабарлады Мұхтар Ерман.

Ұсыныстар түскен сайын байқаушылар туралы деректер жаңартылатын болады.

Отырыс қорытындысы бойынша қаралған мәселелер бойынша Орталық референдум комиссиясының қаулылары мен актілері қабылданды.

 

Республикалық референдумды өткізу мен ұйымдастыру мәселелері бойынша ОРК отырысы өтті

2026 жылғы 12 ақпанда 2026 жылғы 15 наурызға тағайындалған республикалық референдум өткізу жөніндегі науқан шеңберінде ҚР Орталық референдум комиссиясының отырысы өтті. Комиссия отырысының күн тәртібіне сәйкес келесі мәселелер қаралды:

1. «2026 жылғы 15 наурызға тағайындалған республикалық референдумды әзірлеу мен өткізуді ұйымдастыру аспектілері туралы»;

2. 2026 жылғы 15 наурызға тағайындалған республикалық референдум қарсаңындағы үгіт туралы;

3. 2026 жылғы 15 наурызға тағайындалған республикалық референдумды өткізу кезіндегі шет мемлекеттердің, халықаралық ұйымдардың байқаушылары, шетелдік бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қызметінің кейбір мәселелері туралы;

4. 2026 жылғы 15 наурызға тағайындалған республикалық референдумға қатысушыларды оқытуды ұйымдастыру туралы.

Отырысқа ҚР Сыртқы істер, Мәдениет және ақпарат, Жасанды интеллект және цифрлық даму вице-министрлері, ҚР Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының ректоры, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты. Сондай-ақ облыстар, Астана, Алматы және Шымкент қалалары әкімі аппараттарының басшылары және аумақтық референдум комиссияларының мүшелері бейне-конференциялық байланыс арқылы қатысты.

ОРК отырысы сурдоаудармамен қамтамасыз етіліп, ОРК интернет ресурсы мен Youtube арнасы арқылы онлайн көрсетілді.

Отырысты ашқан ОРК Төрағасы Нұрлан Әбдіров Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың №1170 Жарлығымен ағымдағы жылғы 15 наурызға Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясының жобасы бойынша республикалық референдум өткізу тағайындалғанын айтты. Референдумға «Жобасы бұқаралық ақпарат құралдарында 2026 жылғы 12 ақпанда жарияланған Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясын қабылдайсыз ба?» деген сауал қойылды.

Республикалық референдум тағайындалған сәттен бастап тиісті сайлау комиссиялары референдум комиссияларының функцияларын орындайды және референдумды дайындау және өткізуді ұйымдастырады. Бұл туралы түсіндірме жасаған ОРК Төрағасы референдум комиссияларына жүктелетін маңызды міндеттер туралы баяндады.

«Республикалық референдум - азаматтардың мемлекеттік маңызы бар мәселелер бойынша өз ұстанымын тікелей білдіруіне мүмкіндік беретін демократиялық нысан. Бұл институт халықтың ел дамуына қатысты шешімдер қабылдау процесіне тікелей қатысуын қамтамасыз етеді», - деді Нұрлан Әбдіров.

Күн тәртібіндегі бірінші мәселе бойынша комиссия төрағасының орынбасары Мұхтар Ерман және комиссия мүшесі Азамат Айманакумов баяндама жасады. 

Мұхтар Ерман референдумды өткізу мен ұйымдастыру кезеңінде комиссиялар мен жергілікті атқарушы органдардың негізгі міндеттерін атап өтті.

Жалпы, науқанның ұзақтығы, тағайындалғаннан бастап дауыс беру күніне дейін 32 күнді құрайды.

Күнтізбелік жоспар бойынша жергілікті атқарушы органдар (ЖАО) учаскелердің шекаралары туралы, ал аумақтық референдум комиссиялары  комиссиялардың құрамдары және олардың орналасқан жерлері туралы ақпаратты референдум тағайындалған сәттен бастап 10 күннен кешіктірмей, яғни 21 ақпаннан кешіктірмей БАҚ-та жариялайды.

Дауыс беруге 15 күн қалғанда азаматтарға тиісті учаскелерде дауыс берушілер тізілімінен өзін тексеру мүмкіндігі беріледі. 

Егер дауыс берушілердің ыңғайлылығы мақсатында аумақтық референдум комиссияларымен өзгеше белгіленбесе, дауыс беру 15 наурызда таңғы 7-ден 20-ға дейін өтеді.

Орталық референдум комиссиясы референдумның қорытындылары туралы ресми хабарламаны дауыс берген күннен бастап 7 күннен кешіктірмей (21 наурызға дейін) БАҚ-та жариялауы тиіс.

Комиссия мүшесі Азамат Айманакумов 2026 жылғы 

15 наурызға тағайындалған республикалық референдумға қатысуға құқығы бар азаматтардың тізімдерімен жұмысты ұйымдастыру туралы баяндады.

Референдум учаскелерінің барлық саны - 10 413 (оның ішінде азаматтардың тұрғылықты жері бойынша – 9 779, уақытша болу орындарында – 634), оның ішінде шет мемлекеттердегі учаскелер саны - 82 (олар 64 шет мемлекеттерде орналасқан).

Ағымдағы жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша дауыс беруге құқығы бар азаматтар тізіліміне тұрғылықты жері бойынша тұрақты тіркелген 12 416 759 азамат енгізілді. Яғни, Азамат Айманакумов бүгінде республикалық референдумға қатысуға құқығы бар азаматтардың тізімін жасау үшін негіз бар екендігін, оған ағымдағы жылдың қаңтар-ақпан айларындағы азаматтардың көші-қон динамикасына байланысты және азаматтар берген өтініштерді есепке алу бойынша нақты жұмыстар бойынша түзетулер енгізілетіндігін атап өтті.

Сайлаушылардың тұрғылықты жері бойынша тізімін тиісті жергілікті атқарушы органдар (әкімдік) жеке тұлғалар туралы мемлекеттік дерекқордың негізінде жасайды. Тізімге белсенді сайлау құқығы бар республика азаматтары енгізіледі.

Әрбір сайлаушы науқан жарияланған немесе тағайындалған сәттен бастап тиісті жергілікті атқарушы органда сайлаушы ретінде тіркелуге құқылы.

Азаматтарға тізімдерде өздерін тексеруге және дауыс беруге арналған учаскенің орналасқан жерін білуге мүмкіндік беру үшін жергілікті атқарушы органдар тиісті онлайн-сервистер мен интернет-ресурстарды қолдану практикасын жүргізеді.

Комиссия отырысы барысында жергілікті атқарушы органдарға осы бағыттағы жұмыстарды белсенді қолдануды ұйымдастыру ұсынылды.

Екінші мәселе бойынша ОРК мүшесі Ләззат Сүйіндік баяндама жасап, республикалық референдум өткізу кезеңіндегі үгіт жұмыстарының аспектілеріне тоқталды.

Мәселен, «Республикалық референдум туралы» Конституциялық заңның 7-бабының 1-тармағына сәйкес республика азаматтарының, қоғамдық бiрлестiктерiнiң референдумға қойылған мәселе (мәселелер) бойынша жиналыстарда, митингiлерде, азаматтар жиынында, бұқаралық ақпарат құралдарында өз пiкiрiн бiлдiру құқығына кепiлдiк берiледi. Сонымен қатар, жиналыстар, митингілер өткізу «Қазақстан Республикасында бейбіт жиналыстарды ұйымдастыру және өткізу тәртібі туралы» Заңға сәйкес өткізіледі.

Үгіт баспа үгіт материалдарын тарату арқылы да жүргізіледі. Барлық баспа үгіт материалдарында осы материалдарды шығарған ұйымдар, оларды басып шығарған орын, таралым, оларды шығаруға жауапты адамдар туралы мәліметтер болуға тиіс.

Анонимдік үгіт материалдарын таратуға тыйым салынады. Мемлекеттiк билік органдарына және жергiлiктi өзiн-өзi басқару органдарына республикалық референдумды дайындау және өткiзу кезеңiнде үгіт материалдарын шығарған ұйымдар (баспа материалдары бойынша - олардың басылған жерi мен таралымы), тапсырыс берген тұлғалар туралы ақпараты жоқ осындай материалдарды дайындағаны немесе таратқаны, сондай-ақ үгіт материалдарын Қазақстан Республикасының аумағының шегінен тыс жерде дайындағаны, анонимдік үгіт материалдарын таратқаны үшін Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодексінің 113-бабында әкімшілік жауапкершілік көзделген. 

Республиканың конституциялық құрылысын күштеп өзгертуге, тұтастығын бұзуға, мемлекет қауiпсiздiгiне нұқсан келтiруге, соғысқа, әлеуметтiк, нәсiлдiк, ұлттық, дiни, тектiк-топтық және рулық астамшылыққа, сондай-ақ қатыгездiк пен зомбылыққа табынуға үгiттеуге жол берiлмейдi.

Референдумның қарсаңындағы күн мен референдум өткізілетін күні үгіт жүргізуге тыйым салынады. Бұл үшін Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодексінің 102-бабында тікелей әкімшілік жауапкершілік көзделген.

Сонымен қатар, Ләззат Сүйіндік референдум өткізу кезеңінде қоғамдық пікірге сауал салу жүргізудің негізгі аспектілеріне тоқталды. «Республикалық референдум туралы» Конституциялық заңның 7-1-бабына сәйкес республикалық референдумға байланысты қоғамдық пікірге сауал салу «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Конституциялық заңда белгіленген талаптарға сәйкес оған дайындық пен өткізу кезеңінде жүргізілуі тиіс.

Референдум туралы заңның 26-бабына сәйкес сайлау органдары тек референдумның өтетін уақыты мен дауыс беру орны туралы азаматтарды хабардар етеді. Сайлау органдары үгіт-насихат жұмыстарымен айналыспайды. Дауыс беру күні учаске ғимаратында тиісті жерде Конституция жобасының мәтіні және дауыс беру бюллетенінің үлгісі орналастырылады. Нұрлан Әбдіров осы мәселеге ерекше назар аударуды тапсырды. 

Күн тәртібіндегі үшінші мәселе бойынша комиссия төрағасының орынбасары Мұхтар Ерман баяндап, Қазақстанда республикалық референдум барысында халықаралық байқау институтының ашылғаны туралы хабарлады.

Қазақстан Республикасы халықаралық байқау институтын ашу жөніндегі өзінің халықаралық міндеттемелерін үнемі орындап келеді.

Референдумға халықаралық байқаушылардың қатысуы референдум ұйымдастырудың беделін және азаматтардың дауыс беруді өткізу процесіне деген сенімін арттырады.

Референдум өткiзу кезiнде шет мемлекеттерден және халықаралық ұйымдардан аккредиттелген байқаушылар қатыса алады.

Шет мемлекеттерден байқаушыларды аккредиттеу тәртібі, сондай-ақ олардың құқықтары мен міндеттері «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Қазақстан Республикасының Конституциялық заңына және Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес айқындалады.

Бұқаралық ақпарат құралдары референдумға дайындық пен оны өткiзу барысын жария етiп отырады, олардың өкiлдерiнiң референдум өткiзуге байланысты іс-шараларға баруына кепiлдiк берiледi.

Шет мемлекеттер мен халықаралық ұйымдардың байқаушылары референдумды байқауға Қазақстан Республикасы Орталық референдум комиссиясының Төрағасы мен Сыртқы істер министрінің шақыруы бойынша қатыса алады.

Шет мемлекеттер мен халықаралық ұйымдардың байқаушыларын Орталық референдум комиссиясы Сыртқы істер министрлігінің ұсынуы бойынша аккредиттеуден өткізеді.

ОРК Төрағасы «Орталық референдум комиссиясымен дәстүрлі түрде 30-дан астам елдің орталық сайлау органдары, Сыртқы істер министрлігімен бірқатар халықаралық ұйымдар шақырылатын болады», - деп атап өтті.

Күн тәртібіндегі төртінші мәселе бойынша комиссия хатшысы Шавхат Өтемісов баяндады.

Республикалық референдумды дайындау және өткізу сапасы комиссияның әрбір мүшесінің кәсіби дайындық деңгейіне тікелей байланысты.

Референдумға дайындық кезеңінде аумақтық және учаскелік референдум комиссияларының 71 мыңнан астам мүшесі электоралдық оқытумен қамтылады. Оқыту жұмысы кезеңдерді, форматтарды және жауапкершілік деңгейлерін нақты ажырата отырып, жүйелі түрде, каскадтық модель бойынша жүргізілетін болады.

Сонымен қатар, байқауға аккредиттелген қоғамдық бірлестіктердің, үкіметтік емес ұйымдардың, сондай-ақ республикалық және өңірлік бұқаралық ақпарат өкілдері үшін арнайы оқыту семинары ұйымдастырылады.

ОРК Төрағасы барлық уәкілетті органдардың дайындық жұмыстарын, оқытудың ұйымдастырылуын және сапасын, сондай-ақ дауыс беруге арналған учаскелерді жарақтандыруды инспекциялық бақылау Орталық референдум комиссиясының басты назарында болатындығын атады.

ОРК отырысы барысында республикалық референдумды әзірлеу мен өткізу жөніндегі негізгі іс-шаралардың Күнтізбелік жоспары бекітілді, республикалық референдум құжаттарының нысандары белгіленді, сондай-ақ республикалық референдумға қатысуға құқығы бар азаматтардың тізімдерімен жұмысты ұйымдастыру, мүгедектігі бар адамдардың сайлау құқықтарын қамтамасыз ету туралы мәселелер қаралды.

ОРК Төрағасы өңірлердегі референдум комиссияларының мүшелері күнтізбелік жоспарда көрсетілген барлық іс-шаралар белгіленген мерзімдерге сәйкес жүргізілуге тиіс екендігіне назар аудару қажеттігін атап өтті.

Орталық референдум комиссиясы барлық азаматтарға үндеу жасап, референдумға қатысушылар тізіміне енгізілгенін тексеру үшін заңдық маңызы бар әрекеттерді жүзеге асыруға шақырады.

Отырыстан кейін бұқаралық ақпарат құралдары үшін дәстүрлі брифинг өтті.

 

Солтүстік Қазақстан облысы аумақтық референдум комиссиясының хабарламасы

Орталық Референдум комиссиясының мүшесі Михаил Бортник  Солтүстік Қазақстан облысына барды. Ол өңірдің 2026 жылғы  15 наурызға тағайындалған референдумға әзірлігімен танысты. Сапарға Орталық референдум комиссиясы Төрағасы хатшылығы меңгерушісінің орынбасары Зүлиха Марданова қатысты.

Михаил Бортник жергілікті атқарушы, құқық қорғау және өзге де референдум өткізуге жауапты мемлекеттік органдар басшыларының, аумақтық референдум комиссиялары төрағаларының қатысуымен кеңес өткізді. Кеңес барысында республикалық референдум өткізудің негізгі ерекшеліктері, оған дайындық жұмыстары, науқанның барлық кезеңдерінде заңдылық, ашықтық пен жариялылықты қамтамасыз ету мәселелері талқыланды.

Сонымен қатар Петропавл қаласындағы және Есіл ауданындағы   референдум учаскелерін аралап, олардың дайындығымен танысты. Жалпы Солтүстік Қазақстан облысында 581 референдум учаскесі жұмыс істейді, олардың 98 Петропавл қаласында.

 Есіл ауданына сапар барысында референдум учаскелерін аралап, комиссия  мүшелеріне арналған семинар-тренингке қатысты. Семинар барысында   референдум мүшелерінің біліктілігін арттыруға бағытталған ұйымдастырушылық және практикалық сұрақтар қаралды.

 

 

2026 жылғы 15 наурызға белгіленген республикалық референдумды дайындау және өткізу мәселелері бойынша Солтүстік Қазақстан облысының  аумақтық референдум комиссиясының бірінші ұйымдастыру отырысы өтті. Отырыс барысында комиссия қызметінің ұйымдастырушылық мәселелері қаралып, жұмыс жоспары бекітілді.

Дата публикации
13 февраля 2026
Дата обновления
14 марта 2026
Тип

Сейчас читают

16 октября 2026
Кандидаттардың үгіт материалдарын орналастыруға құқығы бар БАҚ, онлайн-платформалар тізімі
16 октября 2026
БЖЗҚ-дан зейнетақы жинақтарын кесте бойынша төлеу: төлем мөлшері қалай есептеледі және қайда жүгіну қажет?
15 октября 2026
СҚО аудандық және қалалық комиссиялары

Социальные медиа

Меню подвал

ҚР Президентінің жолдаулары
ҚР Президентінің сайты
ҚР Премьер-Министрінің сайты
Цифрлық трансформация тұжырымдамасы
Өмірлік жағдайлар
ҚР Мемлекеттік рәміздері
Терминдер мен қысқартулар
ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметі
Экран дикторы
Жасанды интеллектті дамытудың 2024 – 2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы