Солтүстік Қазақстан облысы әкімінің 2023 жылғы 22 желтоқсандағы № 188-ө өкімімен бекітілген 2024 жылға арналған мемлекеттік аудит объектілерінің тізбесіне сәйкес Солтүстік Қазақстан облысы әкімі аппаратының ішкі аудит қызметі «Солтүстік Қазақстан облысы әкімдігінің білім басқармасы» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің «Тайынша ауданының білім бөлімі» коммуналдық мемлекеттік мекемесіне (бұдан әрі – Мекеме) 2022 жылғы 1 қаңтардан 2024 жылғы 1 қыркүйекке дейінгі кезеңге сәйкестік аудитін жүргізді.
Өткізілген аудиторлық іс-шара барысында бұзушылықтар анықталды: Мекеме бюджет қаражатын пайдаланған кезде бұзушылықтың көбіне жыл соңында жол берген – Мекеме бюджет қаражатын игеру мақсатында аванс түрінде жалақы төлеген және тамақтандыруды ұйымдастыру қызметін көрсеткен; тұрақсыздық айыбын өндіріп алу шарасы қабылданбаған; азаматтық қызметшілердің еңбегіне ақы төлеу тәртібін айқындайтын Қазақстан Республикасы заңнамасының нормалары бойынша бұзушылыққа жол берілген; іссапар шығыны бойынша асыра төлем жасалған; ЖЖМ негізсіз есептен шығарылған, негізгі құрал мен тауар-материалдық қордың жетіспеушілігі орын алған; жалға алушылар коммуналдық қызметке төлем жасамаған, мемлекеттік сатып алуды жүзеге асыру бойынша, сондай-ақ бухгалтерлік есеп жүргізу қағидасын бұзуға жол берілген.
«Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» Қазақстан Республикасының 2014 жылғы 05 шілдедегі № 235-V кодексінің 207, 238-баптарында көзделген мемлекеттік аудит объектісі лауазымды адамдарының іс-әрекетінде әкімшілік құқық бұзушылықтың анықталған белгісі фактісі бойынша тиісті аудиторлық дәлелі бар материалдар әкімшілік құқық бұзушылық туралы істі қарау үшін уәкілетті орган – Солтүстік Қазақстан облысы бойынша Ішкі мемлекеттік аудит департаментіне жіберілді.
Анықталған бұзушылықтың себебі қолданыстағы бюджет және өзге де заңнаманы жеткіліксіз білу, аудит объектісінің лауазымды адамдары тарапынан қолданыстағы заңнамаға сәйкес бюджет қаражатының жұмсалуына жеткілікті бақылаудың болмауы, сондай-ақ уәкілетті орган – «Солтүстік Қазақстан облысы әкімдігінің білім басқармасы» КММ тарапынан тиісті бақылаудың болмауы болды.
Солтүстік Қазақстан облысы әкімі аппараты ішкі аудит қызметінің бас маманы-мемлекеттік аудитор У. Е. Оспанова